ЕҚЫҰ Орталық Азия мен Ауғанстан үшін экологиялық көшбасшылық бағдарламасын қолдайды
ЕҚЫҰ қолдауымен ұйымдастырылған Тұрақты даму үшін қоршаған орта бойынша Орта Азиялық көшбасшылық бағдарламасы (ОАКБ) 2018 жылдың 23 қыркүйегінде Алматы қаласында аяқталды.
Жеті күндік іс-шараны ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисі Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығы, Норвегия үкіметі және АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі ұйымдастырды.
Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның мемлекеттік, академиялық, іскерлік және үкіметтік емес секторларынан келген 30 жас өкілдің негізгі міндеті тұрақты дамуды дамыту және экологиялық проблемаларды шешу үшін қолданыстағы үрдістерді қарастыру және қажетті шаралар әзірлеу болып табылды.
Қатысушылар су ресурстарын кешенді басқару, қорғалатын аумақтарды басқару, қоршаған ортаны қорғау бойынша жаһандық ынтымақтастық алаңдары және Агенда 2030 (Біріккен Ұлттар Ұйымының орнықты даму мақсаттары) сияқты мәселелерді талқылады. Қатысушылар аймақтық ынтымақтастықты ілгерілету үшін мүмкіндікті пайдаланып, әлеуетті болашақ серіктестермен байланыс орнатуға шақырылды.
«Соңғы онжылдықта ОАКБ жас экологиялық көшбасшылардың дауыстарын тыңдай алатын бірегей алаңға айналды», - деді Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығының атқарушы директоры Искандар Абдуллаев. «ОАКБ қатысушылары кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар өздерінің кәсіби қызметінде пайдалы болатын ұзақ мерзімді қарым-қатынастарды да қалыптастырады».
Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің бастығы Дьёрдь Сабо былай деді: «ЕҚЫҰ экологиялық мәселелерді шешуде жастардың рөлін жоғары бағалайды. ОАКБ қолдай отырып, біз өзара сенім мен экологиялық мәселелерді шешуге ұмтылған жас көшбасшылардың желісін құрамыз».
Бұл іс-шара Орталық Азия аймағында және Ауғанстандағы экологиялық көшбасшылықты дамытуға жастарды тартуға арналған Бағдарламалар офисінің ұзақ жылдар бойғы күш-жігерінің бөлігі болып табылады.