ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Қазақстанның Жағалау күзетіне арналған тәуекелдерді профильдеу тренингін қолдайды
Теңіз кемелерін тексеру кезінде тәуекелдерді профильдеуді ұйымдастыру арқылы трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күрес 2018 жылдың 26 қаңтарында Ақтау қаласында аяқталған, ЕҚЫҰ қолдауымен өткізілген бес күндік оқу курсының негізгі тақырыбы болды.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жағалау күзетінің жиырма офицері «Трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күрес мақсатында теңіз кемелерін тексеру барысында тәуекелдерді профильдеуді ұйымдастыру» оқыту семинарына қатысты.
Іс-шараны ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі, Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының Елшілігі және Қазақстанның психологтар ассоциациясы ұйымдастырды.
Қазақстанның психологтар ассоциациясының сарапшылары Жағалау күзетінің офицерлерін тәуекелдерді профильдеу жүйесін дамыту дағдыларына, сондай-ақ тиімді тәуекелдер профильдерін әзірлеуге үйретті.
Қатысушылар күдіктінің вербалды және вербалды емес әрекеттерін терең психологиялық талдау әдістерімен, сондай-ақ нақты тәуекелдік көрсеткіштерін анықтау тәсілдерімен танысты. Оқыту семинарының бағдарламасы теңіздегі қылмысқа қарсы шекараларды қорғаудың ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы әзірленген.
Аталған іс-шара Бағдарламалар офисінің трансұлттық қауіптерге қарсы әрекет ете отырып, қабылдаушы елде шекаралық қауіпсіздікті нығайту мен шекара қауіпсіздігін кешенді басқаруды ілгерілету бойынша ұзақ мерзімді қызметінің бөлігі болып табылады.