ЕҚЫҰ Қазақстанда құқық қорғау органдарына кибер қылмыстарға қарсы әрекет ету жөнінде тренерлерге арналған тренингтің өткізілуін қолдауда
2017 жылдың 13 қазанында Алматы қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен кибер қылмыспен күрес жөнінде Қазақстанның құқық қорғау органдарының өкілдеріне арналып ұйымдастырылған бес күндік тренерлерге арналған тренинг аяқталды.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстандағы АҚШ Елшілігімен және Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Тренингке Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура және Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясы, сонымен қатар Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің 12 қызметкері қатысты.
Қатысушылар «Компьютерлік қылмыстар және электронды коммерция саласындағы қылмыстарды тергеу негіздері» курсын оқытуды Құрама Штаттарының сарапшыларынан үйренді.
Кіріспе курс электронды дәлелдермен жұмыс істейтін және кибер қылмыстарды тергейтін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған. Қатысушылар аппараттық құралдар, компьютерлік желілер, хакерлік шабуылдардың тәсілдері, ақпараттық қауіпсіздік, Интернет ресурстары және электронды дәлелдермен жұмыс істеу туралы білім негіздеріне қол жеткізді. Олар сондай-ақ оқу бағдарламаларының тиімді дайындалуын және материалдарды тыңдаушыларға ұтымды жеткізу жолдарын үйренді.
Бұл тренерлер құқық қорғау органдарының өкілдерін түрлі кибер қылмыстарға алғашқы жауап беру мақсатымен үйретеді. Осы тренерлер оқыту барысында қолданылатын оқыту курсының материалдары компьютермен жұмыс жасаудың және интернет желісін пайдаланудың негізгі тәжірибесінен тыс қандай да бір ерекше дағдыны қажет етпейтін тыңдаушыларға арналған.
Тренинг Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің трансұлттық қауіп-қатерлер, ақшаны жылыстату, терроризмді қаржыландырумен күреске және интернетті қылмыстық мақсатта пайдалануды болдырмауға бағытталған бірқатар іс-шараларының бөлігі болып табылады.