ЕҚЫҰ Орталығы тиімді басқару бойынша жоғары деңгейдегі кездесуді ұйымдастыруға ат салысуда
Кездесуді ЕҚЫҰ экономикалық және экологиялық қызмет жөніндегі Үйлестіруші Кеңсесінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес жөніндегі агенттікпен (Қаржы полициясы) бірлесіп, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы ұйымдастырды.
Іс-шараға Президент Әкімшілігінің, Премьер-министр Кеңсесінің, Парламент, Жоғарғы сот, Сыртқы істер және өзге де министрліктердің өкілдерін, сондай-ақ азаматтық қоғам, жекеменшік сектор, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссия өкілдерін қосқанда, тиімді басқару мәселелерімен тәжірибе жүзінде де, заңнамалық деңгейде де айналысатын барлық ұлттық салалас ведомствалардың 60 жуық өкілі қатысты.
Елші, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының Басшысы Наталия Зарудная өзінің алғы сөзінде: «Сыбайлас жемқорлық, қаражаттың жылыстатылуы және лаңкестіктің қаржыландырылуы – мұның барлығы ЕҚЫҰ барлық қатысушы елдері тап болып отырған қауіп», - деді. «Саяси ерік, халықаралық және ведомствоаралық деңгейдегі тығыз әрекеттестік, сондай-ақ жекеменшік сектор мен азаматтық қоғам тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мұндағы кері құбылыстармен тиімді күресуге қажетті шарттар болып табылады».
«ТМД елдері арасында Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күресу және қылмыстық кірісті заңдыландыру мен лаңкестікті қаржыландыруға қарсы әрекет қолдану саласында заманауи заңнама құру және оны қолданысқа енгізу саласында көш бастап келеді. Мұндай оң нәтиже көрсетіп отырған тәжірибені одан әрі таратуымыз қажет», - деп атап өтті генерал-майор, Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес жөніндегі агенттік Төрағасының орынбасары Лукин А.И.
«Қазақстан жүргізген сабақтас әрі қызу жұмыстардың арқасында 2010 жылы қабылданған Астаналық естелік декларация тағы бір мәрте ЕҚЫҰ құндылықтары мен міндеттемелерін, соның ішінде сыбайлас жемқорлықпен, қаражаттың жылыстатылуымен және лаңкестіктің қаржыландырылуымен күресудегі құндылықтары мен міндеттемелерін растады. Біздің ендігі міндетіміз – бұл саяси міндеттемелерді іс жүзінде іспен орындау», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саяси талдау және болжау комитетінің Төрағасы Сержан Әбдікәрімов.
Аталмыш кездесу – Қазақстанды ЕҚЫҰ-ның 2012 жылдың 12 және 14 қыркүйегі аралығында Прага қаласында өтетін «Тиімді басқару арқылы қауіпсіздік пен тұрақтылықты ілгерілету» атты 20-шы Экономикалық және экологиялық форумына дайындық жолындағы іс-шаралардың бірі.