ЕҚЫҰ Орталығы Қазақстанда пенитенциарлық реформаның екінші Форумын қолдауда
АСТАНА, 12 желтоқсан 2014 жыл – Сотталған адамдарды еңбекпен қамтудың қазіргі проблемалары және олардың қоғамға қайта оралу жолдарын қолдау мәселелері бүгін Астанада өткізілген пенитенциарлық жүйені реформалаудың екінші Форумының негізгі тақырыптары болды.
Іс-шараны Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы және Халықаралық абақты ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігі қолдауымен ұйымдастырды.
Қазақстан үкіметінің жоғары лауазымды өкілдері, құқық қорғау органдарының жетекшілері, парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес төрағасы және Жоғарғы сот мүшелері, құқық сарапшылары, қызметтегі заңгерлер, сонымен қатар бизнес қауымдастығының, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері – барлығы 200 жуық қатысушы бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі жұмыспен қамтылудың құқытық және тәжірибелік аспектілерін және қамалғандардың қайта әлеуметтенуіне оның ықпалы мәселелерін талқыға салды. Сонымен қатар сотталғандардың ішіндегі еңбекпен толық қамтылғандардың санын арттыруға бағытталған шаралар талқылаудан өткізілді. Германия, Ресей Федерациясы және Ұлыбританиядан келген сарапшылар сотталғандар еңбегінің тиімді түрлері туралы халықаралық іс-тәжірибемен бөлісті. Елдің әр аймағынан құқық қорғау органдарының және атқарушы билік органдарының 400 жуық өкілі іс-шараға видео-конференция байланысы арқылы қатысты.
Іс-шара барысында Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігі әзірлеген «Колониялардағы жұмыспен қамту-2017» концепцияның жобасы ұсынылды. Концепция сотталған адамдардың жұмыспен қамтылғандарының санын 2018 жылға дейін 75 %-ға жеткізуді көздейтін мүмкіндіктерді жасауға бағытталған. Форум жұмысы абақтыдағыларды жұмыспен қамтудың тәжірибелік аспектілеріне арналаған оқыту семинарымен жалғасты.
«Түрме жүйесін демилитаризациялау және түрме қызметінің сипатын, түрмеге тән мәдениет пен дүние көзқарасын өзгерту ЕҚЫҰ аймағында жалпы үрдіс болып табылады», - деп айтты ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының басшысы, елші Наталия Зарудная. «Тұтқындауға балама болып, абақтыдағыларды тез арада әлеуметтену мен қоғамға интеграциялауға ынталандыратын жазалау түрлерінің жүйесіне, сонымен қатар қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің құқықтарын қорғау және олардың кәсіптік пен тұлғалық жағынан ілгері басуына үлкен назар аударылып отыр. Аталған мәселелердің барлығы Қазақстанда көтерілуде, әрі дамып келуде. Бүгінгі форум осының дәлелі болып отыр», - деп Орталық басшысы атап өтті.
Асхат Дауылбаев, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры: «2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат концепциясына сәйкес сотталғандардың жұмыссыздығы қылмыстық-атқару жүйесінде шешімін табуын қажет ететін өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Қамалғандардың еңбегі үшін лайықты сыйақы төлеу және кәсіптік дайындықпен қамтамасыз ету - түрмеде отырғандардың санын азайту мен жалпы қылмыскерліктің алдын алудың басты факторы», - деп атап өтті.
Талқылаудың нәтижесінде іс-қимыл жүргізу жоспарының жобасы мақұлданды. Жекелей алғанда, бұл жоспар кәсіпкерлер мен түзету мекемелері тарапынан сотталғандардың кәсіптік дайындығы мен еңбекпен қамтуға мүмкіндік жасауды ынталандыруға бағытталған қолданыстағы ұлттық заңнамаға және үкімет шешімдеріне тиісті өзгертулер енгізуді көздеп отыр. Аталған шаралар пенитенциарлық жүйені реформалау шеңберінде және 2015 жылы 1 қаңтарда күшіне енетін жаңа Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Іс-шара Орталықтың Қазақстанда қылмыстық сот төрелігі мен пенитенциарлық жүйені реформалауды қолдауға бағытталған ұзақ мерзімді бағдарламаларының құрамдас бөлігі болып табылады.