Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар Офисі мен Қазақстанның Жоғарғы Соты «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыру» жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
2021 жылдың 15 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласында ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы Бағдарламалар офисінің басшысы Фолькер Фробарт пен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Наиль Ахметзакиров «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыру» жөніндегі бюджеттен тыс жоба бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Жоба Америка Құрама Штаттарының Үкіметімен қаржыландырылады және 2024 жылдың соңына дейін жүзеге асырылатын болады.
Жобаның мақсаты – заң үстемдігін алға жылжыту және сот төрелігі жүйесінің ашықтығын, жариялылығын және есептілігін қолдау. Ол бүгінгі күнге дейін реформалау үдерісіндегі жетістіктерге сүйенеді және сот әкімшілігін жаңғырту, судьялардың қызметін бағалаудың кешенді жүйесін енгізу, судьялардың біліктілігін арттыру және саясатты қалыптастырудағы жаңа дәлелді көзқарасты жетілдіру бойынша үздік тәжірибелер негізінде жүргізіледі. Жоба кеңес беру, сараптама жасау және өзгерістерді ұсыну мақсатында үздік ұлттық және халықаралық сарапшыларды тартатын болады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асанов бастаманың маңыздылығына тоқталып, Жобаның іс-шараларын жүзеге асыруда қолдау көрсетуге және бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Төраға сонымен қатар Фробартты Жоғарғы Соттың жалпы отырысында Халықаралық кеңеске сайлануымен құттықтады.
Фробарт Жобаның құрамдас бөліктеріне қысқаша шолу жасап, бастаманы жүзеге асыруда жүйелі ынтымақтастық пен бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Офис басшысы Жобадағы уақыт пен адами ресурстардың маңыздылығын атап өтті.
Меморандумға қол қою рәсімі жобаның Үйлестіру комитетінің алғашқы отырысымен жалғасты. Үлестіру комитеті жобаны іске асыру стратегиясы және жобаға қатысты іргелі сипаттағы мәселелер бойынша шешімдерді қабылдау үшін құрылған.
«Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыру» жобасы Бағдарламалар офисінің қабылдаушы елде заң үстемдігін нығайту және сот төрелігін реформалау үдерістерін қолдау жөніндегі көпжылдық жұмысының бір бөлігі болып табылады.