Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлі мен әлеуетін арттыру бойынша бірқатар семинарлар өткізуді қолдайды.
ЕҚЫҰ қолдауымен мәслихаттардың (жергілікті өзін-өзі басқару органдарының) рөлі мен әлеуетін арттыру бойынша семинарлар сериясы басталды, олар 2021 жылғы 19 қазан мен 23 қараша аралығында аралас форматта өткізілетін болады. Іс-шара барлық он төрт облысты және үш ірі қаланы - Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентті қамтиды. Бірінші семинарға Қостанай облысының аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттарының 140-қа жуық депутаты қатысты.
Семинарлардың бұл сериясын Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорымен, Қазақстандағы Іnternews Network өкілдігімен және АҚШ Халықаралық даму агенттігімен (USAID) ынтымақтастықта ұйымдастырды.
Үш ұлттық сарапшы депутаттардың қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес негізгі құзыреттерін, олардың құқықтары, міндеттері және өкілеттікті жүзеге асыру кезіндегі жауапкершілігі туралы презентациялар жасады. Бұдан басқа, іс-шара шеңберінде қатысушылар азаматтық қоғамды жергілікті деңгейде шешімдер қабылдау процестеріне тартудың озық тәжірибесінің мысалдарын зерделеп, бюджет туралы ақпаратқа қолжетімділік мәселелеріне және өңірлердегі бюджеттер бойынша деректерді ашық ұсыну мүмкіндіктеріне назар аударды.
Семинарлардың бұл сериясы ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы тиімді басқару мен демократиялық дамуды қолдауға бағытталған Бағдарламалар офисінің күш-жігері шеңберінде өткізіледі.