ЕҚЫҰ мен Қазақстан оқ-дәрілердің қауіпсіздігі мен басқару әлеуетін нығайтуда

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі (Офис) ЕҚЫҰ Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумының (FSC) қолдауымен және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығымен тығыз ынтымақтастықта 2025 жылғы 9 қазанда Алматы қаласында Оқ-дәрілерді сақтау және бақылау курсын (ASSC) сәтті аяқтады.
30 қыркүйектен 9 қазанға дейін Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік операциялар орталығында өткен екі апталық курс «Қазақстан Республикасындағы заманауи қауіпсіздік қатерлерін жою» атты бюджеттік емес жоба аясында ұйымдастырылды. Бұл бастама Қазақстанның оқ-дәрілердің өмірлік циклі бойындағы ұлттық басқару әлеуетін нығайтуға және халықаралық стандарттарға сай қауіпсіз, сенімді және орнықты қорларды басқару тәжірибесін дамытуға бағытталған.
Курс Бундесвердің Верификациялау орталығы (BwVC) және Ұлыбританияның Қаруды бақылау жөніндегі бірлескен тобының өкілімен бірлесе әзірленіп, өткізілді. Бұл курс кеңейтілген Оқ-дәрі жөніндегі сарапшылардың біліктілігін арттыру бағдарламасының (AECC) алғашқы модулі болып табылады. Келесі жылы оқ-дәрілерді тасымалдау және жоюға арналған модульдермен жалғасады.
Курсты аша отырып, ЕҚЫҰ Секретариатының Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық Форумының жобалық қызметкері Фредерик Клемент:
«Бұл серіктестік – Қазақстанға ұзақ жылдар бойы қызмет ететін орнықты әлеует қалыптастыру туралы. Біз қауіпсіздікті күшейтіп, жаңғыртуға жол ашып, Қазақстанның аймақтық және жаһандық қауіпсіздікке сенімді үлес қосушы ретіндегі рөлін нығайтып жатырмыз», – деді.
Тоғыз күнге созылған қарқынды оқыту барысында Қорғаныс министрлігінің он сегіз офицері мен техникалық мамандары тәуекелдерді басқару, БҰҰ қауіптілік жіктемесі, қауіпсіз қашықтықты есептеу, қорларды басқару, уақытша сақтау, сондай-ақ оқ-дәрілерді тексеру және бақылау рәсімдері бойынша білімдерін жетілдірді. Али оқу полигонында өткен практикалық жаттығулар барысында қатысушылар БҰҰ Халықаралық оқ-дәрілер жөніндегі техникалық нұсқаулықтарына сәйкес тәуекелдерді бағалау мен қауіпсіз аймақтарды белгілеу бойынша тәжірибелік дағдыларын шыңдады.
«Бұл курс – Қазақстанның оқ-дәрілердің қауіпсіздігін басқару саласындағы техникалық әлеуетін нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам», – деді Офистің жобалық менеджері Ярослав Курек. «Теория мен тәжірибені ұштастыру арқылы біз ұлттық мамандарға халықаралық үздік тәжірибелерді қолдануға және оқ-дәрілерді сақтау кезінде қауіпсіздік тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береміз».