Ақша жылыстатуға қарсы күресті күшейту: ЕҚЫҰ азаматтық тәркілеу тақырыбына байланысты семинар өткізді
2025 жылғы 4 тамызда ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Активтерді қайтару жөніндегі комитетімен бірлесіп, Комитет қызметкерлеріне арналған азаматтық тәркілеу тетігін қолдану және жетілдіру бойынша оқыту семинарын ұйымдастырды.
Семинарға Активтерді қайтару жөніндегі комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Құқық қорғау органдары академиясы және Бас прокуратура өкілдерінен құралған 29 қатысушы (оның ішінде 4 әйел және 25 ер адам) жиналды. Бұл іс-шара ашық пікір алмасуға, білім мен тәжірибе бөлісуге мүмкіндік беріп, халықаралық үздік тәжірибелер мен нақты істерді, сондай-ақ ұлттық ақшаны жылыстатуға қарсы стратегияларды әзірлеуге арналған құралдарды талқылауға арналды.
Семинарды Молдова Республикасының Ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл қызметінің (SPCSML) қызметкері, халықаралық деңгейдегі сарапшы Оксана Гиска ханым жүргізді. Оқыту барысында азаматтық тәркілеуге қатысты халықаралық стандарттарға шолу, құқықтық модельдердің салыстырмалы талдауы, негізгі қағидаттар мен үрдістер, сондай-ақ мүлікті қайтару саласындағы халықаралық ынтымақтастық тақырыптары қамтылды. Сонымен қатар, өзара құқықтық көмек көрсету және жоғары құпиялық юрисдикциялармен өзара іс-қимыл мәселелері де қарастырылды.
Қатысушылар практикалық жағдайларды талдау, типтік сценарийлерді қарастыру және тиімді шешімдер әзірлеуге бағытталған топтық жұмысқа белсене қатысты. Семинарда сот үкімісіз азаматтық тәркілеудің құқықтық және практикалық аспектілері де қарастырылды. Бұл үшін Ұлыбритания мен Италиядан алынған істер мысалға алынды. Азаматтық тәркілеу тетігін қолдануға кедергі келтіретін құқықтық және институционалдық тосқауылдарды еңсеру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Бұл іс-шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің Қазақстанның ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы (АЖ/ТҚҚ) әлеуетін нығайтуға деген бейілділігін растады. Ұйым кәсіби дамуды қолдап, стратегиялық диалогты нығайта отырып, мүлікті қайтарудың тиімді әрі тұрақты ұлттық жүйесін дамытуға өз үлесін қосып келеді.