Гендерлік сезімтал коммуникация арқылы қауіпсіз сапарларды қамтамасыз ету: ЕҚЫҰ мен inDrive Алматыда жүргізушілерге арналған оқытуды бастады
2025 жылғы 19 маусымда Алматы қаласында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі жаһандық inDrive такси шақыру қызметімен бірлесе отырып, 48 жергілікті жүргізушіге, оның ішінде 11 әйел және 37 ер адамға арналған пилоттық оқыту сессиясын іске қосты. Жүргізушілерге арналған бұл гендерлік сезімтал қарым-қатынас бойынша тренинг алғаш рет такси платформасымен бірлесіп өткізілді және бұл қоғамдық кеңістіктерде қауіпсіздік пен құрметті арттыру, сондай-ақ кемсіту мен қудалауға мүлдем төзбеушілік қағидатын насихаттау жолында маңызды қадам болып саналады.
Интерактивті сессия барысында жолаушылармен, әсіресе әйелдермен, қарым-қатынаста құрметтілік пен дұрыс мінез-құлықтың маңыздылығы талқыланды. Күнделікті өмірде, мысалы, жол кептелісінде немесе бөтен адамдармен ортақ сапарларда әйелдер өздерін қауіпсіз, естілетін және құрметтелетін сезінуі керек. Бұл ойды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров та қолдап, "такси жүргізушісі болу - тек көлік жүргізу шеберлігі ғана емес, сонымен қатар жоғары деңгейдегі адами қарым-қатынас мәдениетін талап етеді", – деп атап өтті.
Гендерлік теңдік жөніндегі сарапшы, Maqsut Narikbayev University оқытушысы, Айгерім Құсайынқызы, сапар барысында орын алуы мүмкін әртүрлі қудалау түрлерін түсіндіріп өтті. Оларға жолаушының дене бітіміне қатысты пікір айту немесе жеке өміріне араласу секілді жыныстық сипаттағы әрекеттер; сөзбен, ым-ишарамен (мысалы, айна арқылы көз тастау, қимыл немесе бет әлпет арқылы білдіру) және физикалық әрекеттер жатады.
Қазақстанда такси мен жеткізу қызметтерінде 500 000-нан астам адам жұмыс істейді. Бұл бастама 2030 жылға дейінгі Отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын және ЕҚЫҰ-ның 2004 жылғы Гендерлік іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруға ықпал етіп қана қоймай, еліміздегі әйелдер үшін күнделікті өмірде қауіпсіз әрі құрметке негізделген орта қалыптастыруға да септігін тигізеді.