Қазақстанның OCTOPUS 2025 конференциясына қатысуы ЕҚЫҰ қолдайтын киберқылмысқа қарсы халықаралық күш-жігерді нығайтты

2025 жылғы 4-6 маусым аралығында Қазақстан делегациясы Францияның Страсбург қаласында Еуропа Кеңесі ұйымдастырған «OCTOPUS 2025 – Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі конференцияға» қатысты. Делегацияның бұл конференцияға қатысуы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан және Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің үйлестіруімен жүргізіліп отырған «Киберқылмыстарға қарсы іс-қимылдың тиімді саясатын әзірлеуде Қазақстан Республикасын қолдау (I кезең)» атты бюджеттен тыс жобасы аясында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің қолдауымен мүмкін болды.
Конференцияда 100-ден астам елден келген киберқылмыс және құқық қорғау саласындағы сарапшылар бас қосып, киберқауіптердің жаһандық сипат алып бара жатқан жағдайында халықаралық ынтымақтастықты нығайту, озық тәжірибелер мен тиімді саясат тәсілдерімен алмасу мәселелерін талқылады.
Қазақстан делегациясының құрамына Сыртқы істер министрлігінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Бас прокуратураның өкілдері және ЕҚЫҰ жобасының қызметкерлері кірді. Олар пленарлық отырыстарда, тақырыптық шеберлік сабақтарында және екіжақты кеңестерде белсенді түрде пікір алмасты.
Қазақстанның бұл конференцияға қатысуы ЕҚЫҰ қолдайтын жобаның мақсаттарына қол жеткізуге айтарлықтай үлес қосты. Атап айтқанда, ұлттық мүдделі тараптар жаһандық сараптамалық ресурстарға қол жеткізіп, институционалдық әріптестіктер орнатып, киберқылмысқа қарсы күресте инновациялық тәсілдерді зерделеу мүмкіндігіне ие болды. Конференция барысында жинақталған білім мен тәжірибе Қазақстанда тиімді ұлттық саясат қалыптастыруға және құқық қорғау органдарының күрделі киберқауіптерге, әсіресе криптовалютаға қатысты қылмыстарға, жасанды интеллект негізінде жасалатын киберқылмыстарға және электрондық дәлелдемелерге қатысты халықаралық құқықтық ынтымақтастыққа ден қою қабілетін арттыруға септігін тигізеді.
Конференцияда жасанды интеллекттің зиянды мақсатта қолданылуы, демократиялық институттарға төнетін киберқауіптер, «доңыз сою» (pig-butchering) тәрізді жаңа қаржылық алаяқтық схемалары сияқты өзекті тақырыптар қарастырылды. Сондай-ақ қатысушылар киберқылмысқа қарсы конвенцияның Екінші Қосымша Хаттамасының шекарааралық тергеулерді жеңілдетудегі және электрондық дәлелдемелердің заңды түрде танылуын арттырудағы рөлін талдады.
Қазақстанның OCTOPUS 2025 конференциясына белсенді қатысуы елдің киберқылмысқа қарсы жаһандық күш-жігерге қосқан үлесін арттыруға деген ұмтылысын айқын көрсетеді. Бұл сонымен қатар ЕҚЫҰ қолдайтын жобаның халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ұлттық әлеуетті күшейту және Қазақстанның жаһандық киберқауіптерге қарсы әрекет ету қоғамдастығына интеграциясын тереңдету жолындағы нақты нәтижелерін көрсетеді.