Су ресурстарын стратегиялық жоспарлау мен тұрақты басқаруды қолдау: Қостанайда Тобыл-Торғай бассейндік кеңесінің отырысы өтті

2025 жылғы 26 мамырда Қостанай қаласында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі биылғы жылы Тобыл-Торғай бассейндік кеңесінің су ресурстарын интеграцияланған басқару және суды үнемдеу стратегиялары мәселелеріне арналған бірінші отырысын өткізді.
Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде және бассейндік деңгейде су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіруде Қазақстанды қолдау жөніндегі көпжылдық бастама шеңберінде Офис өзен бассейнін басқарудың стратегиялық жоспарын әзірлеу жөніндегі кешенді екі жылдық бастаманы іске асыруды жалғастыруда.
Отырыс 30 мүдделі тарапты, соның ішінде Қостанай және Ақтөбе облыстарының су пайдаланушыларды, бассейндік инспекциялардың, жергілікті билік органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін және журналистерін біріктірді. Қатысушылар жаңартылған Су кодексі шеңберінде су пайдалану саласындағы ағымдағы сын-қатерлерге, су үнемдеу технологияларын енгізуге және өзен бассейні ауданында су ресурстарын қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға арналған талқылауларға қатысты.
Отырыста су кодексіндегі жаңалықтарды түсіндіруге ерекше назар аударылды. ҚР Су ресурстары және ирригация Министрлігі Су саясаты департаментінің директоры Бекетаев Серікжан Мұратбекұлы заңнамалық өзгерістер бассейндік кеңестердің рөлі мен функционалына, сондай-ақ бассейндік жоспарлау жүйесіне қалай әсер ететіні туралы баяндама жасады. Су кодексінің жаңартылған 2025 жылғы 9 сәуірдегі редакциясына сәйкес, бассейндік кеңестердің отырыстары жылына екі рет: вегетациялық кезең басталғанға дейін және ол аяқталғаннан кейін өткізіледі. Бұл өзгеріс суды пайдалануды жоспарлау мен мониторингтеудің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Отырыста өңірдегі су ресурстарын ұтымды басқарудың шұғыл қажеттілігі атап өтілді. Мүдделі тараптар 2025-2026 жылдары іске асыру үшін егжей-тегжейлі ұсынымдар әзірледі. Құрылымдық диалог пен стратегиялық жоспарлау сессияларының арқасында іс-шара су ресурстарын интеграцияланған басқару қағидаттарын ілгерілетуге, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және суды пайдаланудың тұрақты тәжірибелері үшін негіздер құруға ықпал етті.
Отырыс нәтижелері суды пайдаланудың ағымдағы тәжірибесіне ғана емес, сонымен қатар Тобыл-Торғай су шаруашылығы бассейніндегі қоршаған ортаны сақтау, митигация және климаттық өзгерістерге бейімделу жөніндегі ұзақ мерзімді шешімдеріне де ықпал ететін болады. Су ресурстарын тұрақты пайдаланудың әзірленген жоспары климаттық сын-қатерлер жағдайында өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралы болады.