Әскери ашықтықты арттыру: Сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары аясында Алматыда 2011 жылғы Вена құжаты бойынша халықаралық семинар өтті

2025 жылғы 22-24 сәуір аралығында Алматы қаласында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығы және Бітімгерлік операциялар орталығымен (KAZCENT) бірлесе отырып, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Ашхабадтағы орталығы, ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі Бағдарламалық офисі және ЕҚЫҰ-ның Душанбедегі Бағдарламалық офисінің қолдауымен, сенім мен қауіпсіздікті нығайту шараларын іске асыру мен түсінуді арттыру мақсатында 2011 жылғы Вена құжаты бойынша үш күндік халықаралық семинар ұйымдастырды.
Семинарға Әзербайжан, Дания, Франция, Германия, Италия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және АҚШ-тан келген 52 әскери қызметші мен сарапшы (5 әйел және 47 ер адам) қатысты. Сонымен қатар, ЕҚЫҰ Хатшылығының ЕҚЫҰ-ның Жанжалдарды болдырмау орталығының және ЕҚЫҰ Ашхабадтағы орталығының өкілдері де семинар жұмысына белсенді қатысты.
ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Верификациялық Орталықтарының сарапшылары Вена құжаты шеңберінде тексеру мен бағалау сапарларын ұйымдастыру және өткізу бойынша өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Бағдарлама аясында мазмұнды презентациялар, инспекциялық сценарийлерді модельдеуге бағытталған интерактивті топтық жұмыстар, сондай-ақ Қонаев қаласындағы 35-ші Гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасына практикалық сапар ұйымдастырылды. Бұл қатысушыларға әскери ашықтықты қамтамасыз ету тетіктерін іс жүзінде бағалауға мүмкіндік берді.
Бағдарлама Қазақстанның 2011 жылғы Вена құжатын жүзеге асырудағы белсенді ұстанымын, сондай-ақ Орталық Азия мен жалпы ЕҚЫҰ аймағындағы өңірлік ынтымақтастықты ілгерілетудегі рөлін ерекше атап өтті.
«Бейбітшілік тек келісімдер арқылы емес, ашықтық пен сенім арқылы сақталады. Дәл осы екі құндылықты Вена құжаты нақты іске асырады», – деді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Басшысы м.а. Юрий Фенопетов.
«Офисіміз үшін осындай семинарларды өткізу – аймақтық қауіпсіздікке қосатын үлес қана емес, Орталық Азия және көршілес өңірлердің қарулы күштерінің өкілдері арасындағы диалогты дамыту алаңы болып табылады. Біздің мақсатымыз – Вена құжатын талқылап қана қоймай, оны ынтымақтастықтың өміршең тетігі ретінде нығайту», - деп толықтырды ол.
2011 жылғы Вена құжаты бүгінгі күнде ЕҚЫҰ-ның әскери-саяси өлшемі аясындағы маңызды құрал болып қалып отыр. Ол ақпарат алмасу, әскери қызмет туралы алдын ала хабарлау және верификация рәсімдері арқылы ашықтықты арттыру және әскери қақтығыстар қаупін азайтуға бағытталған. Бұл семинар Офистің сенім мен қауіпсіздікті нығайту шараларын қолдау және ЕҚЫҰ аумағында тұрақтылық пен сенімді арттыру жөніндегі кең ауқымды күш-жігерінің бір бөлігі болып табылады.