Қазақстандық делегация елдің киберқылмыспен күрес саласындағы әлеуетін күшейту мақсатында Финляндияға сапар жасады
2024 жылғы 30 қыркүйек пен 2 қазан аралығында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі (бұдан әрі – Офис) ҚР Ішкі істер министрлігімен және ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Офистің «Қазақстан Республикасына киберқылмысқа қарсы тиімді саясат әзірлеуге қолдау көрсету» (I кезең) атты бюджетен тыс жобасы аясында Қазақстан делегациясының Финляндия, Хельсинки қаласына танысу сапарын ұйымдастырды. Делегация құрамына Ішкі істер министрлігі мен Президент Әкімшілігінің өкілдері кірді.
Сапардың мақсаты – Финляндияның киберқылмысқа қарсы күрес саласындағы озық тәжірибелерін зерделеу және тәжірибе алмасу болды. Финляндия киберқылмыстар жөніндегі Будапешт конвенциясына қатысушы мемлекет болып табылады және бұл салада мол тәжірибесі мен білімі бар. Сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның киберқылмысқа қарсы күресте әлеуетін арттыруға бағытталды.
Сапар барысында қазақстандық делегация Финляндияның негізгі мемлекеттік мекемелерімен, оның ішінде Финляндия ішкі істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы анти Салминенмен бірқатар кездесулер өткізді. Кездесулер барысында делегация Финляндияның киберқылмыспен күрес саласындағы тәсілдерімен, сондай-ақ осы саладағы кадрлар даярлау жүйесімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Сапар аясында Ішкі істер министрлігі, Ұлттық тергеу бюросы, Ұлттық полиция басқармасы, Кеден қызметі және Финляндия университетінің полиция колледжінің өкілдерімен кездесулер өткізіліп, тәжірибе алмасу жүргізілді. Бұл мекемелердің әрқайсысы киберқылмыспен күрес саласындағы дамыған құқықтық және операциялық инфрақұрылым туралы құнды ақпарат ұсынды.
Сапар барысында киберқылмысқа қарсы күресте тиімді құқықтық базаны құру және Қазақстан құқық қорғау органдарына озық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, делегация киберқылмыстардың алдын алу бойынша Финляндияның тәжірибелік әдістерімен және білім беру бағдарламаларымен танысып, оларды Қазақстан жағдайында қолдану мүмкіндіктерін зерттеді.
Бұл сапар Қазақстанның Финляндиямен киберқылмыспен күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастығын нығайту жолындағы маңызды қадам болды, сондай-ақ кадрларды оқыту тәсілдерін жетілдіруге ықпал етті. Алынған білімдер мен тәжірибе алмасу Қазақстанның Будапешт конвенциясына алдағы қосылуы аясында киберқылмысты анықтау, тергеу және онымен күресу бойынша тиімді ұлттық саясат әзірлеуге және іске асыруға көмектеседі.