ЕҚЫҰ Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы трансшекаралық су жолдарындағы диалог пен сенімді нығайтуға жәрдемдесті
2023 жылдың 21 қарашасында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы объектілерін пайдалану жөніндегі Комиссиясының Хатшылығы (бұдан әрі – Комиссия) жанындағы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Жұмыс тобының 11-ші отырысы өтті. Кездесуді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі және ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі Бағдарламалық кеңсесі Комиссиямен бірлесіп ұйымдастырды. Комиссия ЕҚЫҰ-мен 2006 жылдан бері тығыз ынтымақтастықта.
Іс-шара Қазақстан мен Қырғызстанның 34 мемлекеттік ведомствосының өкілдері мен су мамандарын біріктірді. Кездесу барысында 2022 жылы келісілген өлшеу станцияларында гидрометеорологиялық мониторинг нәтижелерімен таныстыру, сондай-ақ маусымдық келісілген зертханалық су сынамасын алуды қоса алғанда, 2023 жылғы жер үсті суларының сапасының мониторингі нәтижелерімен алмасу сияқты әртүрлі мәселелер талқыланды.
Қатысушылар, сонымен қатар, климаттың өзгеруінің Қазақстан мен Қырғызстанның трансшекаралық өзен бассейндеріндегі (Ашмара/Аспара және Куркуроо/Куркуреусу өзендері) шиеленіс динамикасына әсері туралы үстелдік зерттеуді талқылады. Қазақстандағы Су кодексінің өзгеруіне және бассейндік кеңестердің маңызды рөліне баса назар аударылуына байланысты шағын бассейндік кеңестер трансшекаралық ынтымақтастықты жақсартуға қалай үлес қоса алатыны туралы бірқатар ұсыныстар берілді.
Қараша айының басында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі және ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі Бағдарламалық кеңсесі Комиссияны конусты құбыр жапқышы, бөгеттің жұмыс жасайтын шығу тоннелін және төменгі ағындағы жағалауды бекіту жағдайын техникалық тексеру үшін Орто-Токой су қоймасына баруды қолдады. Жұмыстың нәтижелері Жұмыс тобының 11-ші отырысында ұсынылды.
Жұмыс тобының отырысының қорытындысы бойынша Комиссия 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын, оның ішінде өзара келісілген маусымдық су сынамаларын алуды және 2024 жылы Бішкек қаласында өтетін Жұмыс тобының келесі (12-ші) отырысының тақырыптарын бекітті.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Комиссияның жұмысын су ресурстарын басқару, су ресурстарын басқару мәселелері бойынша трансшекаралық диалог жүргізу және ЕҚЫҰ-ға қатысушы көршілес мемлекеттер арасында сенімді нығайту салаларындағы тиісті мемлекеттік мекемелердің хабардарлығын арттыру мен әлеуетін нығайту бойынша жүргізілетін көпжылдық жұмыс аясында ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі Бағдарламалық кеңсесімен бірлесіп қолдауда.
Комиссияға қолдау көрсетудің бір мысалы ретінде ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі «Шу өзені бассейніндегі (Қазақстан шегінде) жаһандық маңызы бар сулы-батпақты жерлерді сақтау қажеттіліктерін бағалау» атты басылымды бірлесіп әзірлеуі туралы атап өтуге болады. Бұл басылым Шу өзенің төменгі ағымындағы қазіргі экожүйенің және биоалуантүрлік жағдайын сипаттайды. Сонымен қатар, баяндамада соңғы 30 жылдағы климат, флора мен өсімдіктері, гидрология, ихтиофауна мен жерүсті омыртқалы хайуандар, соның ішінде құстардың фаунасы туралы деректер келтірілген. Басылым келесі сілтеме бойынша қолжетімді (орыс тілінде): Oтчет о научно-исследовательской работе «Оценка потребностей для сохранения важных глобально значимых водно-болотных угодий в бассейне реки Шу (в пределах территории Казахстана)» | ОБСЕ (osce.org)