ЕҚЫҰ 2011 жылғы Вена құжаты шеңберінде Қазақстандағы әуе база мен әскери нысанға сапарды қолдады
2023 жылғы 3 және 4 қазанда Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Бағдарламалар офисі Қазақстанның Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, ЕҚЫҰ-ға қатысушы 25 мемлекеттің верификациялық орталықтары өкілдерінің Талдықорған қаласындағы 604-ші әуе базаға және 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасына сапарын қолдады. Бұл сапардың негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының 2011 жылғы сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары туралы Вена құжатының "Байланыстар" атты 4 бөлімі бойынша халықаралық міндеттемелерді орындауын қолдау болды. Оның шеңберінде ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекет кез келген бес жылдық кезең ішінде тұрақты әуе базасы және әскери нысанының біріне сапар жасауға шақырады және оны ұйымдастырады. Сонымен қатар, іс-шара 2023 жылғы қаңтар бойынша Қазақстан Республикасы ұсынған жыл сайынғы әскери ақпарат алмасу барысында алынған деректерді тексеруге мүмкіндік берді.
Іс-шараға 50-ден астам әскери офицерлер, ЕҚЫҰ Хатшылығының Жанжалдардың алдын алу орталығының және Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Бағдарламалар офисінің қызметкерлері қатысты. Сапар барысында, қатысушылар әскери нысандардың күнделікті және ұзақ мерзімді қызметімен, оқыту және техникалық қызмет көрсету жұмыстарымен танысты, әскери техника мен қару-жарақтың көрсетілімін бақылады, сондай-ақ берілген ақпаратты тексеріп, оның алмасуына ықпал етті.
«Талдықорған қаласындағы әуе база мен әскери нысанға жоспарланған сапар Қазақстанның қарулы күштерінің техникалық аспектілерінің көрсетілімі болуымен қатар, оның сенім мен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі күш-жігерінің символы болып табылады. Бұл елдің ашықтығын көрсетіп қана қоймай, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы өзара түсіністікті дамыту үшін маңызды болып келеді»,-деді Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Бағдарламалар офисінің басшысы доктор Фолькер Фробарт іс-шараның ашылу салтанатында.
Неміс бригадалық генералы Майкл Шой делегация атынан Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің 2011 жылғы Вена құжатының нақты тексеру талаптарына толық сәйкестігін атап өтті. Қорытындылай келе, сапар 2011 жылғы Вена құжаты шеңберінде сенім мен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі шараларды ілгерілетудің маңызды кезеңін белгіледі.