Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Шу және Талас трансшекаралық өзендерін басқару жөніндегі қазақстан-қырғыз бірлескен комиссиясының 25-ші отырысына қолдау көрсетуде
2019 жылдың 14 наурызында Тараз қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Шу және Талас өзендеріндегi мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі комиссиясының (Үкіметаралық комиссия) отырысы өтті.
Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік органдарынан, гидрометеорологиялық қызметтерінен және халықаралық ұйымдарынан келген 50-ге жуық өкілдері мен сарапшылары су тоғандарының лимиттерін, гидротехникалық құрылыстардың ұсталуын және трансшекаралық өзен алабындағы су ресурстарын тұрақты бірлесіп пайдалануға бағытталған ынтымақтастық басымдылықтарын талқылады.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігімен және Үкіметаралық комиссияның Хатшылығымен ұйымдастырды және Шу мен Талас өзендерінің алаптарындағы су ресурстарын басқаруға кең жұртшылықты қатыстыруға бағытталды.
Шу және Талас өзендері Қазақстан мен Қырғызстан үшін өте маңызды су көздері болып табылады, олар ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, гидроэнергетика және тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланылады. Шу және Талас трансшекаралық өзендеріндегі су нысандарын пайдалануды реттейтін Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы келісімге 2000 жылы қол қойылған. Екі ел нысандарға жұмсалатын шығындарды әрбір елдің алған су көлеміне сәйкес пропорционалды негізде бөлуге келісті. 2006 жылы құрылған және жылына екі рет жиналатын бірлескен үкіметаралық комиссия 2000 жылғы Келісімге сәйкес су бөлісудің және гидротехникалық құрылыстарды пайдаланудың ағымдағы кестесін талқылауды өзіне мақсат етіп қояды.
Бұл іс-шара Қазақстан мен Қырғызстан өкілдерінің қатысуымен трансшекаралық диалогқа қолдау көрсету бойынша Бағдарламалар офисінің көпжылдық күш-жігерінің бөлігі болып табылады. Ол ЕҚЫҰ Стратегиялық құжаты жөніндегі Министрлер кеңесінің Маастрихтте қабылданған экономикалық және экологиялық өлшеміндегі шешіміне сәйкес орындалады, оған сәйкес өңірлік мәнмәтіндегі су дипломатиясының маңыздылығына ерекше көңіл бөлінеді.