ЕҚЫҰ Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету бойынша полиция қызметкерлерін оқытуда
2019 жылдың 21 ақпанында Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет етуде полицияның жұмысын реттейтін заңнамалық актілер мен механизмдері туралы бір күндік үш семинар мен қоғамдық талқылаулар аяқталды.
Іс-шараларды Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен «Подруги» дағдарыс орталығы және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі (ІІМ) ұйымдастырды. Учаскелік полицияның 209 жуық қызметкері ұлттық сарапшылармен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және онымен күресу бойынша ең озық тәжірибені талқылады. Бұл іс-шаралар, алдағы уақытта Ақмола, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында осы мәселе бойынша өткізілетін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған басқа оқу семинарларымен қатар, ықтимал тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы істер жөніндегі қоңырауларға жауап беретін полиция инспекторларының әлеуетін арттыруға бағытталған.
Алексей Милюк, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Профилактикалық қызмет басқармасының бастығы, былай деді: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық – елдің ішкі істер органдары қызметінің басты бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасының ІІМ ЕҚЫҰ-мен бірлесе отырып, үш жыл бойы учаскелік полиция инспекторларына арналған оқу семинарларын өткізуде. Осы семинарлардың нәтижесінде нормативтік-құқықтық актілерге нақты өзгертулер енгізілді».
Надежда Гладырь, «Подруги» дағдарыс орталығының басшысы, былай деді: «Семинарлардың барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының арнайы әлеуметтік қызметтерге қол жеткізу мәселелері, сондай-ақ әлеуметтік бейімсіздік пен депривацияға әкеп соққан қатыгездікпен қараудың бар болуын бағалау өлшемшарттары қарастырылды».
Ұлттық сарапшылар полицияның осы салада жүргізген жұмысының тиімділігін бақылау үшін талдамалы құжатты әзірлейді. Жоба қорытындысы бойынша ІІМ-ге баяндама ұсынылады.
Оқу семинарлары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, онымен күресуде және құрбандарға кәсіби әлеуметтік қызметтерді көрсетуде қабылдаушы елге және азаматтық қоғам өкілдеріне қолдау көрсету бойынша Бағдарламалар офисінің көп жылдық жұмысының бөлігі болып табылады.