ЕҚЫҰ Астанада парламент ашықтығы және азаматтық қоғамды қатыстыру бойынша халықаралық конференцияны ұйымдастыруда
Парламент ашықтығы және Парламенттің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылының формаларын заң шығарушылық жұмыс арқылы жетілдіру 2019 жылы 14 ақпанда Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен өткен халықаралық конференцияның басты назарында болды.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарлама офисі Қазақстанда парламентшілікті дамыту қорымен тығыз ынтымақтастықта ұйымдастырды.
Іс-шараға 80-ге жуық Парламент депутаттары, Парламент Аппаратының қызметкерлері, мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар, ғылыми орта өкілдері мен университеттер студенттері қатысты. Үкіметтік емес ұйымдар мен ғылыми ортадан келген ұлттық сарапшылар, сондай-ақ ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі Бюросының өкілі іс-шараның тақырыптары бойынша өздерінің презентацияларын ұсынды.
Конференция Парламент пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты ілгерілетуге бағытталды. Конференция сессиялары Қазақстанда қазіргі заң шығарушылық жұмысқа, Парламенттің жұртшылық үшін ашықтығы мен транспаренттілігін арттыру жолдарына, адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық және халықаралық стандарттары мен механизмдеріне, Парламенттегі заң шығарушылық жұмыста қоғамның қатысу формаларына, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді қабылдауда азаматтық қоғамды қатыстыруға арналды.
Конференция Офистің Парламенттің қызметіне көмек көрсетуге және Парламенттің қабылдаушы елдегі азаматтық қоғаммен ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған іс-шаралардың бір бөлігі болып табылады.