ЕҚЫҰ Шу және Талас өзендерінің трансшекаралық алабындағы судың сапасын арттыруға жағдай жасау үстінде
2018 жылдың 16 қарашасында Бішкек қаласында Шу-Талас Су шаруашылығы Комиссиясы (ШТСК) Секретариатының жанындағы Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жұмыс тобының алтыншы кездесуі өтті. Кездесуді Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі және Бішкектегі ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі ШТСК Секретариатымен тығыз ынтымақтастықта ұйымдастырды.
Қазақстан мен Қырғызстаннан келген су жөніндегі 20 жуық маман Шу және Талас өзендерінің трансшекаралық алабында екі ел Астанадағы және Бішкектегі ЕҚЫҰ далалық миссияларының қолдауымен жүргізген су сапасын зертханалық бағалаудың нәтижелерін талқылады. Қатысушылар су сапасын бағалау тәсілдемелерін қалай үйлестіруге болатыны жөнінде пікір алысты және болашақ ынтымақтастық үшін мүмкіндіктерді талқылады.
Сәуір, маусым және қазан айларында Офис Қазақстанның Гидрометеорологиялық қызметінің аумақтық бірлікті зерттеуіне қолдау көрсетті, ол әртүрлі 16 нүктені қамтыды және ықтимал ластаушыларды анықтау үшін әртүрлі 17 тестті жүргізіп, Жамбыл облысының Шу және Талас өзендері алабындағы су үлгісін талдады. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері негізінде ұлттық сарапшы Қазақстан мен Қырғызстан арасында деректермен алмасу бастамасының аясында таратылатын, алаптағы судың сапасы туралы қорытынды есептемені дайындайды.
Шу-Талас Су шаруашылығы Комиссиясы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екі жақты ынтымақтастыққа жәрдемдеседі және өзендерді басқару және су экожүйелерін қорғау бойынша қызметке жәрдемдесу үрдісіне мүдделі тараптарды тарту жолымен ақпаратқа қолжетімділікті жақсартуға бағытталған.
Іс-шара мемлекеттік институттардың су ресурстарын тиісті түрде басқару және су ресурстарын басқару бойынша трансшекаралық диалогқа жәрдемдесу мәселелеріндегі хабардарлығын және әлеуетін арттыру бойынша Офистің көп жылдық жұмысының бөлігі болып табылады.