ЕҚЫҰ Қазақстанда судьяларды іріктеу рәсімінің әділдігі мен ашықтығын қолдауда
Судьяларды іріктеу жүйесін және Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің қызметін жаңғырту 2018 жылғы 16 қарашада Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен өткен халықаралық дөңгелек үстел отырысының тақырыбы болды.
Іс-шара 100 жуық жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілерді, парламент депутаттарын, судьяларды, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін, жергілікті және халықаралық құқық сарапшыларын жинады.
Қатысушылар іріктеу процесінің әділдігі мен айқындылығына, сондай-ақ судьяның іріктелуі туралы шешім қабылдайтын органдардың құрылуындағы заң қауымдастығы мен азаматтық қоғамның рөліне қатысты мәселелерді талқылады. Жоғары Сот Кеңесінің өкілдері судьяларды конкурстық іріктеу рәсімі және тиісті біліктілік өлшемдерге қатысты негізгі жаңалықтарды назарға ұсынды.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Талғат Донақов: «Тәуелсіз және әділ сот жүйесін құру мемлекеттік саясат белгілеген басымдықтардың бірі болып табылады. Бүгінгі іс-шара судьяларды іріктеу жүйесін жаңғырту бойынша жүргізілген шаралардың нәтижелерін қоғамның назарына ұсынуға бағытталған», - деді.
«Транспаренттілік – судья лауазымына ең жақсы кандидаттарды іріктеу және сот шешімдерін қабылдауға әсер ететін ықтимал саяси ықпалды азайту үшін басты элемент. Бұл процестердің қалай жүзеге асырылып жатқаны да халықтың сенімін арттыру үшін маңызды», - деді Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо.
Италия мен Испаниядан келген сарапшылар өзге елдердегі судьяларды іріктеу тәжірибесімен бөлісіп, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының өкілдері ЕҚЫҰ аймағында судьяларды іріктеу және тағайындау рәсімдері мен стандарттары туралы айтты.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі және Жоғарғы Сот бірлесіп, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен ұйымдастырды. Бұл Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін реформалауды қолдау жөніндегі Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді күш-жігерінің бөлігі болып табылады.