ЕҚЫҰ Астанада қауіпсіздік саласында ынтымақтастыққа қатысты сын-тегеуріндер мен тәсілдемелер бойынша халықаралық конференцияны ұйымдастырады
Орталық Азиядағы аймақтық және жаһандық қауіпсіздіктің жаңа сын-тегеуріндері мен тәсілдемелері 2018 жылы 26 қазанда ЕҚЫҰ қолдауымен Астанада өткен халықаралық конференцияның басты тақырыбы болды.
Іс-шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі, Фридрих Эберт атындағы қор және Халықаралық қатынастар бойынша қазақстандық кеңеспен бірлесіп, Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институты және «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының қолдауымен ұйымдастырылды.
Конференцияның мақсаты қауіпсіздік проблемаларын шешу жолында ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерден мүдделі тараптар арасындағы диалогты ынталандыру болды. Конференция барысында ЕҚЫҰ мен Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздік ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарына, терроризмге алып келетін зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм мен радикалдануға жастарды тартуға қарсы әрекет етуге, Интернетті террористік мақсаттарда пайдалануға қарсы тұруға және шетелдік террористік жауынгерлерді оңалтуға және қайта интеграциялауға ерекше көңіл бөлінді.
ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалық офисінің басшысы Дьердь Сабо былай деді: «ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттер арасындағы ғана емес, сондай-ақ институттар арасындағы ынтымақтастыққа өсіп келе жатқан қауіпсіздік сын-тегеуріндерін шешуде жаңа идеялар мен одан әрі серіктестіктің жоспарларын дайындау мақсатымен ықпалдастық етеді».
Қазақстан және Өзбекстандадағы Фридрих Эберт атындағы қордың өңірлік директоры Хенриетте Кифердің айтуынша: «ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің арасындағы келіспеушіліктердің өсуі кезінде, прогреске ынтымақтастық арқылы ғана қол жеткізуге болатын жалпы мәселелер бойынша диалогты жалғастыру маңызды. Бүгінгі іс-шара жастардың радикалдануы мен террористік мақсаттарда Интернетті пайдалану мәселелеріне байланысты сын-тегеуріндерді талқылауға мүмкіндік береді. Осы салаларда ынтымақтастық ете отырып, біз сенімді нығайтып, өңіріміздің тұрақты және бейбіт дамуын қамтамасыз етуге көмек бере аламыз».
Халықаралық қатынастар бойынша қазақстандық кеңестің төрағасы Ерлан Карин: «Таяу Шығыстағы қақтығыс радикалдандырудың жаңа аспектілерін анықтады. Әйелдер мен балаларды радикалды істерге тарту мәселесі және олардың одан әрі қоғамға ре-интеграциясы сияқты жаңа проблемалар туындайды. Сондықтан бұл мәселе сарапшылардың, мемлекеттің, үкіметтік емес ұйымдардың назарында болуы керек», - деп атап өтті.
Іс-шараға 100-ге жуық мемлекеттік қызметкерлер, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, стратегиялық зерттеулердің ұлттық институттары, аналитикалық және ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері, сондай-ақ Ауғанстан, Болгария, Германия, Венгрия, Қырғызстан, Молдова, Ресей Федерациясы, АҚШ және Өзбекстаннан келген халықаралық сарапшылар қатысты.
Конференция ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің ЕҚЫҰ-ның барлығын қамтитын қауіпсіздіқ тәсілдемесінің барлық үш өлшемінде диалог пен аймақтық ынтымақтастыққа ықпалдастық ету жолындағы, сондай-ақ қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерді шешу үшін шығармашылық шешімдер іздеуде сарапшыларды тарту жөніндегі жұмысының бөлігі болып табылады.
Ұйымдастырушылар барлық презентациялардың мәтінін қамтитын жиынтықты қатысушылар арасында таратады.