ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстанда тоғызыншы «Жас Кэмп» жастар лагерін қолдауда
Қазіргі заманғы қоғамдағы жастардың өмірлік құндылықтары, өсу мүмкіндіктері және негізгі қажеттіліктері 2018 жылы 21 қазанда Алматы қаласында аяқталған жыл сайын өтетін үш күндік «Жас Кэмп» жастар лагерінің басты тақырыптары болды.
Сарапшылар панелі, қонақ дәрістері және интерактивті семинарларды біріктірген іс-шараға 150-ге жуық қатысушы, оның ішінде елдің барлық аймақтарынан келген жастар, әлеуметтанушылар, ғылыми қауымдастық, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Олар жастар арасында сыни ойлау мен медиа сауаттылықты дамытуға, гендерлік теңдікке және гендерлік саясатты жүзеге асыруға, сондай-ақ волонтерлік және жастардың азаматтық белсенділігіне қатысты мәселелерді талқылады.
Германия, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясынан келген спикерлер нәтижелі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін қандай қадамдар жасау керектігі жайлы өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, іс-шара барысында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) бірқатар елдеріндегі жастардың қажеттіліктері және тиісті даму бағдарламалары бойынша «Youth mapping» «Қазақстанның жастар ақпарат қызметі» үкіметтік емес ұйымы әзірлеген зерттеуі ұсынылды.
Жас Кэмп іс-шарасын «Қазақстанның жастар ақпарат қызметі» үкіметтік емес ұйымы Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисімен бірлесіп, Сорос-Қазақстан Қоры, Фридрих Эберт атындағы Қор және Астанадағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шара жастардың қауіпсіздік пен даму мәселелерін шешуге қатысуын ынталандыру бойынша Офис күш-жігерінің бір бөлігі болып табылады.