Ақтаудағы өңірлік ЕҚЫҰ семинарының басты назарында арнайы экономикалық аймақтар болды
2018 жылғы 29 тамызда Ақтауда ЕҚЫҰ қолдауымен арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) жұмысының мәселелері бойынша екі күндік өңірлік семинар аяқталды.
АЭА - бұл арнайы ынталандырмаларды, соның ішінде жеңілдігі бар салықтық мөлшерлемелерді, кедендік алымдар мен квоталарды ұсыну арқылы сауда-саттыққа қолдау көрсету және жұмыс орындарын құру үшін мемлекеттің арнайы құрған ел ішіндегі аумақтары.
Іс-шараға Қазақстанның орталық және өңірлік кеден органдарының, бизнес-қауымдастықтар мен жеке меншік сектордың 45-ке жуық өкілі қатысты. Қатысушылар АЭА-ң халықаралық деңгейдегі әртүрлі жұмыс тәжірибелерін талқылады. Іссапарына ЕҚЫҰ қолдау көрсеткен Дания сарапшысы логистикалық орталықтарда еркін сауда аймақтарын дамыту жолдары туралы презентациясын ұсынып, сөз сөйледі және еркін сауда аймақтарындағы порттардың жұмыс істеуі үшін арнайы сәттілік факторларын анықтады.
Әзірбайжаннан, Беларусьтан, Қырғызстаннан, Ресей Федерациясынан және Өзбекстаннан келген кеден органдары мен АЭА өкілдері өз елдеріндегі еркін сауда аймақтары мен порттарының жұмысындағы тәжірибелерімен алмасты және инвестицияларды тартудың негізгі кедергілерін белгіледі. Сонымен қатар қатысушылар Қазақстандағы жаңа Кеден кодексінің қабылдануына байланысты кедендік әкімшілендіруге қатысты мәселелерді талқылады.
Семинарды Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламары офисі Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Аталған семинар өңірдегі сауданың тиісті түрде басқарылуын алға жылжытуда және дамытуда қабылдаушы елді қолдау бойынша Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді күш-жігерінің бөлігі болып табылады.