ЕҚЫҰ Қазақстанда су ресурстарын басқару саласындағы пәндер оқытушыларының әлеуетін арттыруды қолдайды
Су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы оқытушылардың әлеуетін арттыру жөніндегі ЕҚЫҰ оқу семинары Алматы қаласында 2018 жылғы 5 шілдеде аяқталды.
Іс-шараны Халықаралық Аралды қорғау Қорымен және Ұлттық аграрлық университетімен бірге Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі ұйымдастырды.
Төрт күндік тренинг барысында Қазақстанның әртүрлі облыстық білім беру мекемелерінің шамамен 15 оқытушысы ұлттық су заңнамасы, тұрақты даму мақсаттары, қоршаған ортаны қорғау мәселелері және су ресурстарын біріктіре басқарудың заманауи тәсілдері тақырыбына дайындықтан өтті. Бұл іс-шара сонымен қатар жоғары білім берудің ағымдағы күйін талқылау және алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибе негізінде су ресурстарын басқару саласындағы академиялық бағдарламаларды жетілдіру үшін платформаны қамтамасыз етті.
Семинар алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге сәйкес су ресурстарын басқару саласындағы тұрақты даму мақсаттарын және білім беру стандарттарын жетілдіру бойынша ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді күшінің бөлігі болып табылады.