Орталық Азиядағы инновациялар – ЕҚЫҰ Орталық Азия жастар желісі семинарының негізгі тақырыбы
АЛМАТЫ, Қазақстан, 26 маусым 2018 ж. – Бүгін Алматыда ЕҚЫҰ Орталық Азия жастар желісінің (CAYN) жыл сайынғы он екінші семинары басталды.
«Инновациялық Орталық Азия» тақырыбына арнаулы үш күндік іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Орталық Азияның, Ауғанстанның және Моңғолияның шамамен 40 үздік университет студенттері мен CAYN түлектері үшін ұйымдастырған. ЕҚЫҰ-ның өңірдегі басқа миссиялары іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсетті. Іс-шараға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев, ЕҚЫҰ өкілдері, сонымен қатар Грузия мен Қазақстанның сарапшылары және жеке меншік сектор мен Еуропа қайта құру және даму банкінің жетекші өкілдері қатысты.
Қатысушылар Орталық Азиядағы инновациялар мен жаңа технологияларды зерттеумен қатар, Орталық Азиядағы және өңірдің аумағынан тыс тұтас қамтитын қауіпсіздіктің түйінді мәселелерін талқылайды, сондай-ақ бұл мәселелерді шешу жолдарын өздерінің қауымдарында және көршілес елдермен бірлесіп зерттейді. Сонымен бірге олар өңірде ашықтық пен бизнес үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз етудегі сандық жүйеге көшірудің рөлін зерттейді.
Жазушы Гузель Яхина, «Зулейха открывает глаза» және «Мои дети» кітаптарының авторы, «Большая книга» және «Ясная Поляна» сыйлықтарының иегері, шығармашылықпен байланысты мүмкіндіктер мен сын-тегеуріндерді және жастарды инновациялар жасауға ынталандыру тәсілдерін талқылау үшін қосылады.
«Сіздердің жастығыңыз бен Орталық Азияның жас көшбасшылары арасынан даралануға әзірлігіңіз жастардың өңірде және қалған әлемде тап болатын қиын мәселелерін шешуде негізгі артықшылықтарыңыз болып табылады. Бұл мәселелер ЕҚЫҰ миссиясының негізінде жатқан жаңа перспективалар мен жаңа өңірлік кооперативтік тәсілдемелерді талап етеді», - деді Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы елші Дьёрдь Сабо.
Астанадағы Италия елшілігі басшысының орынбасары Маттео Петрини 2018 жылы ЕҚЫҰ-ға Италия төрағалығының басымдықтары туралы, соның ішінде жастарға назар аудару туралы айтты. Жастар істері және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ЕҚЫҰ-ның Әрекет етуші төрағасының Арнайы өкілі Риккардо Поцци жаңа технологиялардың қазіргі замандағы маңыздылығын талқылады. Густаво Араужо, ЕҚЫҰ-ға қызметкерлерді алу бөлімінің жетекшісі, кәсіби дамытуды және адамдар үшін жұмыс орнында инновациялық ойлауға қатысу мүмкіндіктерін және халықаралық ұйымдар инновацияларды қалай енгізе алатындығын талқылады.
Семинар қиын мәселелердің шешімдерін табуға және дизайн идеяларын тұжырымдамалауға арнаулы екі күндік тренингпен жалғасады.
Іс-шара жастардың қазіргі қауіпсіздік қатерлері мен сын-қатерлерін түсінуін жақсартуға, сондай-ақ оларды шешуде ЕҚЫҰ рөлін түсіндіруге бағытталған Офистің күш-жігерінің бөлігі болып табылады.