Жалған құжаттарды анықтау бойынша шекарашыларға арналған ЕҚЫҰ тренингі Қазақстанда өтті
Жалған жол жүру құжаттарын анықтау және сәйкестендіру техникалары бойынша бес күндік ЕҚЫҰ оқыту семинары Ақтауда 2018 жылдың 29 маусымында аяқталды.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің жиырма алты шекарашысы Аустрия Федералды ішкі істер министрлігінің жол жүру құжаттарының қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі кеңесшілер тобының сарапшылары өткізетін курсқа қатысты. Семинар құжаттардың халықаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әлеуетті күшейтуге және шекаралық бақылау кезінде бұрмаланған жол жүру құжаттарын анықтауға бағытталған. Қатысушылар қорғаныс қағазын өндіру үрдістерімен, құжаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қағаз және полимерлі төсемдерді пайдаланумен, дәстүрлі баспа әдістерімен, фотоқорғаныспен және екінші реттік тексеріспен танысты.
Оқу бағдарламасы қатысушыларға өздерінің жаңа білімдерін қолдану мүмкіндігін бере отырып, тәркіленген бұрмаланған құжаттармен және көптеген елдердің түпнұсқа жол жүру құжаттарымен тәжірибелік жаттығуларды қамтыды.
Семинар ЕҚЫҰ Трансұлттық қатерлерге қарсы әрекет ету жөніндегі департаментінің Жол жүру құжаттарының қауіпсіздігі бойынша бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Оны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қазақстандағы Америка Құрама Штаттары Елшілігінің Халықаралық күрес және заңдылықты сақтау жөніндегі бөлімімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен ынтымақтастықта өткізген.
Бұл қызмет Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның шекаралар қауіпсіздігі тұжырымдамасын алға жылжыту бойынша Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді күш-жігерінің бөлігі болып табылды.