Қазақстанда ЕҚЫҰ қолдауымен халықаралық адвокаттар конференциясы өтті
16 маусым күні Алматыда ЕҚЫҰ қолдауымен «Адвокатура 2018. Заң көмегінің сапасын арттыру» халықаралық конференциясы аяқталды.
Екі күндік іс-шараға 15 елден келген 100-ден астам сарапшылар мен адвокаттар, сондай-ақ Әділет министрлігінің және Қазақстанның сот жүйесінің өкілдері қатысты. Қатысушылар адвокат мамандығына және қазіргі кезде Қазақстан Парламентінде қаралып жатқан «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасына қатысты түрлі тақырыптарды талқылады.
Жинақтамалы пікірталастардың барысында Әзірбайжаннан, Грузиядан, Қазақстаннан, Қытайдан, Қырғызстаннан, Ресейден, Тәжікстаннан, Түркиядан, Өзбекстаннан және бірқатар еуропалық елдерден келген қатысушылар адвокаттардың біліктілігін арттыру, тегін заң көмегі және этика ережелері мәселелерін қозғады. Адвокатураның тәуелсіздігі мен адвокаттардың тәртіптік жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлінді. Әрбір жинақтамалы пікірталастың барысында барлық мүдделі тараптарға таратылатын нақты ұсынымдар жасап шығарылды.
Конференцияны Қазақстанның Республикалық адвокаттар алқасы Еуропалық заңгерлер қауымдастығымен (AEL), Халықаралық адвокаттар қауымдастығымен (IBA), Еуропа Кеңесімен (ЕКе) және Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалары офисімен ынтымақтаса отырып ұйымдастырған. Бұл іс-шара Бағдарламалар офисінің қабылдаушы елде құқық үстемдігін нығайту және адвокатураның дамуына қолдау көрсету бойынша ұзақ мерзімді күш-жігерінің құрамдас бөлігі болып табылады.