ЕҚЫҰ Орталық Азиядағы тәуекелдерді профильдеу бойынша аймақтық оқыту семинарын қолдайды
2018 жылы 1 наурызда Алматыда ЕҚЫҰ қолдауымен Орталық Азия мемлекеттерінің шекаралық қызметтері оқу орындарының қызметкерлеріне арналған тәуекелдерді профильдеу бойынша аймақтық семинар аяқталды.
Үш күндік іс-шараны ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі, Орталық Азиядағы шекараларды басқару жөніндегі Еуропалық Одақтың бағдарламасы (BOMCA) және Қазақстандағы АҚШ елшілігінің қолдауымен бірлесіп ұйымдастырды. Қырғызстан, Түркменстан және Өзбекстанның шекара ведомстволарының білім беру мекемелерінің өкілдері болып табылатын тоғыз офицер тәуекелдерді профильдеу негіздерін оқыту әдіснамасымен танысты.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің оқытушылары қатысушыларға тәуекелдерді талдау, жедел психодиагностика және сұхбат жүргізу әдістерін таныстырды. Қатысушылар тәуекелдерді профильдеу саласында шекаралық құрылымдардың оқу орындарында болашақ біліктілігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірледі.
Семинар ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы тәуекелдерді профильдеуге жәрдемдесу бағдарламасы шеңберінде өтті. Бағдарлама қауіпсіз және ашық шекараларды алға жылжыту, сондай-ақ адамдар мен тауарлардың еркін және қауіпсіз шекарадан өтуін қамтамасыз ету үшін шекаралық басқару мен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған. Бағдарламаның басқа мақсаттары болып жол жүру құжаттарының қауіпсіздігі, терроризмге қарсы әрекет ету және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз көші-қон, есірткі, қару-жарақтар мен адамдардың контрабандасына қарсы күрес табылады.