Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі Қазақстандағы діни заңнаманы дамыту жөніндегі дөңгелек үстелді қолдауда
АСТАНА, 23 қараша 2017 жыл - Діни қызметпен байланысты заңнаманы және құқық қолдану практикасын дамыту мәселесі 2017 жылы 22 қарашада Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен өткен дөңгелек үстелдің басты тақырыбы болды.
Іс-шараға 80-ге жуық қатысушы, оның ішінде Қазақстандағы түрлі діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Оны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламасы офисі, Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Қазақстанның діни ұйымдары қауымдастығы (AРОК) бірлесіп, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының өңірлік басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.
Қатысушылар қолданыстағғы діни заңнаманы және оны қолдану тәжірибесін талқылады. Діни қауымдастықтардың көңілін алаңдатып отырған шетелде діни білім алу, кәмелетке толмағандардың діни рәсімдерге қатысу және миссионерлік қызметті тіркеудің қосымша талаптарына қатысты жаңа заңнамалық өзгерістерге ерекше назар аударылды. Қатысушылар діни қауымдастықтардың және шағын діни топтардың құқықтық мәртебесі, діни топтар мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас, сондай-ақ дін немесе сенім бостандығы саласындағы мемлекеттің халықаралық міндеттемелерін орындау туралы пікір алмасты. Дөңгелек үстелдің жеке сессиясы діни экстремизм мен радикалдандыруды болдырмауға арналды.
«Азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету және діни ұйымдардың жұмысына оң жағдай жасау үшін бүгінгі таңда Қазақстанда үлкен көңіл бөлінуде», - деді Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын. Ол: «Үкімет діни тұрақтылықты сақтау, әртүрлі діни қауымдастықтар арасындағы жақсы қарым-қатынасты нығайту және халықты экстремистік діни идеологияның кез келген түрінен қорғау шараларын қабылдайды. Үкімет 18 конфессия өкілдерін біріктіретін ресм тіркелген діни ұйымдардың және олардың бөлімшелерінің жұмысына қажетті барлық жағдайларды қамтамасыз етеді», - деп айтты.
Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо: «Кейде дінаралық әртүрлілік қоғамдық келісімге қол жеткізуді қиындатады, ал кейбір елдерде әлі де кездесіп жатқан діни сенім бостандығына шамадан тыс бюрократия және заңдық шектеу қою наразылық туғызады. Бүгінгі іс-шара мемлекеттік органдарға және діни ұйымдарға тиісті ұстанымдарында ортақ мәмілеге жету, өзара түсіністікті нығайту және әлеуметтік келісімдерді күшейтуде, одан әрі дінді бөліну мен қақтығыстардың құралы ретінде пайдалану тәуекелін азайту бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға көмектеседі деген үміттемін», - деді.
Дөңгелек үстел ЕҚЫҰ бағдарламалық офисінің дін мен сенім бостандығы құқығын ілгерілету жөніндегі ЕҚЫҰ міндеттемелерін жүзеге асыруға қабылдаушы елге қолдау көрсету жөніндегі күш-жігерінің бөлігі болып табылады.