Астана қаласында Орталық Азияның мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету органдарының қызметкерлеріне ЕҚЫҰ шұғыл деректер мен ақпарат негізінде құрастырылған полицияның жұмысы жайлы нұсқаулығы таныстырылды
2017 жылдың 28 қарашасында Қазақстанның Астана қаласында аймақтық шара аясында ЕҚЫҰ шұғыл деректер мен ақпарат негізінде құрастырылған полицияның жұмысы жайлы нұсқаулығы (ILP) көпшілік назарына ұсынылды. Аталған шараға Орталық Азия елдерінің мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз ету секторының 30-ға жуық өкілі қатысты.
Шұғыл деректер мен ақпарат негізіндегі полицияның қызметі Нұсқаулықта құқық қорғау органдарының алдын алу іс-қимылдарының қазіргі заманғы моделі және ЕҚЫҰ қатысушы елдер үшін полиция қызметінің дәстүрлі формаларының баламасы ретінде ұсынылған.
ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисі мен Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ұйымдастыруымен және ЕҚЫҰ Трансұлттық қауіпке қарсы әрекет ету департаментінің Полиция қызметінің стратегиялық мәселелері жөніндегі бөлімінің ынтымақтастығымен өткен шара Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдарының, үкіметтік құрылымдардың, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері мен мемлекеттік қызметшілерін осы нұсқаулықпен таныстырып, оның қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне әлеуетті ықпалы жайлы түсіндіруге бағытталған.
ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар Офисі басшысының орынбасары Диана Диголдың айтуынша: «Осы әдістемеге қолжетімділіктің қамтамасыз етілуіне кепілдік беру үшін және оның қабылдаушы елде іске асырылуына барынша қолдау көрсету үшін ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар Офисі бар күшін салатын болады. Мұның мәні жоғары, өйткені бұл құрал қылмыстық әрекеттің салдарымен күресуге емес, оны алдын алуға басты ден қояды».
ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректорының міндетін атқарушы Шакир Шаяхметов былай деді: «Құқық қорғау ісіне арналған осы заманауи және белсенді стратегиялық модель деректерді талдауға негізделген. Оның жүзеге асырылуының негізі қылмыстың алдын алу және оны азайту туралы ақпаратты жүйелі түрде жинау және бағалау болып табылады. Ақпаратты дұрыс талдай білу құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қылмысқа қарсы айтарлықтай соққыға қол жеткізуге көмектеседі».
Полиция қызметінің стратегиялық мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Ги Вине: «ЕҚЫҰ жаңа Нұсқаулықтың көмегімен тиісті полиция қызметтеріне олардың қылмыспен күресу жұмысындағы нәтижелілікті арттыруға ниетті. Бұл халық үшін анағұрлым қауіпсіз ортаның орнауына жол ашпақ», - деді.
ЕҚЫҰ 2016 ж. Германия төрағалығы мен ЕҚЫҰ 2017 ж. Аустрия төрағалығы осы аталған Нұсқаулықтың әзірленіп, жарық көруіне қаржылай қолдау көрсеткен болатын.
ЕҚЫҰ жеті тілде жарық көрген шұғыл деректер мен ақпарат негізіндегі полицияның жұмысы жайлы нұсқаулығымен мына сілтеме арқылы www.osce.org/chairmanship/327476 онлайн танысуға болады.