ЕҚЫҰ Қазақстанда медиа-трендтер бойынша өңірлік конференцияның өткізілуіне қолдау көрсетуде
2017 жылдың 28 қыркүйегінде ЕҚЫҰ қолдауымен Алматы қаласында БАҚ саласындағы негізгі трендтерге және олардың Орталық Азиядағы дамуына арналған #MediaCA атты екі күндік өңірлік конференция өз жұмысын аяқтады.
Конференция барысында БАҚ саласындағы 100 жуық маман, оның ішінде Қазақстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясының тәуелсіз өңірлік телеарналары мен электронды БАҚ редакторлары және бағдарламалық директорлары Орталық Азиядағы медиа-компаниялардың даму беталыстарын талқылады. Бұдан басқа, маркетинг және жарнамалық сауда, онлайн-медианың жаңа форматтары, онлайн-медианың тиімділігіне баға беру, Қазақстан мен Тәжікстандағы медиа-заңнамасы төңірегінде талқы жүргізілді.
Таныстырылымдар мен шеберлік сабақтары барысында қатысушыларға ақпараттық және коммерциялық табысты контентті қалай құру керектігі, сандық технологиялар заманында медиа-компанияларды басқару бойынша тәжірибелік ұсынымдарды қалай әзірлеу керектігі үйретілді.
Конференцияны ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисімен бірлесіп, АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID), Internews Қазақстандағы өкілдігі және International Media Service компаниясы ұйымдастырды.
Шара Офистің ЕҚЫҰ қағидаттары мен міндеттемелеріне сәйкес сөз бостандығы мен ақпаратқа қолжетімділікті алға тарту жолында атқарып отырған жұмыстарының бір бөлшегі болып табылады.