ЕҚЫҰ батыс Қазақстанда су ресурстарын басқарудағы үздік тәжірибелерді ілгерілетуде
Орал өзенінің бассейнінде трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп қолдану және қорғау бойынша Қазақстан-Ресей сарапшылар комиссиясының отырысы ЕҚЫҰ қолдауымен 2017 жылы 16 мамырда Атырау қаласында аяқталды.
30-ға жуық орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен Қазақстан Республикасы мен Ресей Фдерациясының бірлескен сарапшылар тобы трансшекаралық өзендерді бірлесіп басқаруды талқылады және Орал өзенінің бассейнінде түбін тереңдету бойынша жұмыстарды жүргізу мәселелерін зерттеді. Қатысушылар әлеуетті арттыру бойынша бірлескен іс-шараларды жүргізу маңыздылығын баса айтып, көршілес елдер арасындағы ынтымақтастықтың нығаюын атап өтті.
Іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясымен (БҰҰ ЕЭК) және «Су бастамалар орталығы» үкіметтік емес ұйымымен тығыз ынтымақтастықта ұйымдастырды.
Отырыс су ресурстарын тиімді басқару мәселелеріндегі мемелекеттік органдардың хабардарлығы мен әлеуетін арттыру және трансшекаралық диалогты құру бойынша Офистің көпжылдық жұмысының бір бөлігі болып табылады. Бұл су дипломатиясының қағидаттарын ілгерілету маңыздылығын атап көрсеткен экономиялық және экологиялық өлшемдегі ЕҚЫҰ стратегиялық құжаты бойынша Маастрихт қаласында өткен Министрлер отырысының шешіміне сәйкес келеді.