Су ресурстары саласындағы мемлекеттік стандарттар ЕҚЫҰ қолдауымен өткен дөңгелек үстел назарында
АСТАНА, 14 наурыз 2017 ж. – Бүгін Астана қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен су секторындағы мемлекеттік білім стандарттарын жетілдіруді талқылау бойынша дөңгелек үстел басталды, оған Қазақстан Парламентінің, су ресурстары жөніндегі ұлттық органдардың, бассейн кеңестерінің, академиялық топтардың және халықаралық ұйымдардың шамамен 35 өкілі қатысты.
Іс-шараны ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетімен және Қазақстан Республикасындағы Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) Атқарушы дирекциясымен бірлесіп ұйымдастырды.
Қатысушылар су ресурстарын басқару саласындағы оқу жоспарларын зерттеді және ұлттық білім жүйесінің осы саладағы кемістіктерін талқылады. ХАҚҚ қатысушыларға Қазақстанның академиялық мекемелеріндегі су ресурстары саласындағы білімнің жағдайы туралы зерттеулерді ұсынды, сондай-ақ оны одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар ұсынымдар берді. Құжатты 2017 жылы күзде түпкілікті бекіту үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі оны одан әрі қарайды деп күтілуде.
«Қазіргі уақытта су мамандығы бойынша жоғары оқу орындарын бітірушілер білімі, ептілігі мен дағдылары бойынша оларға қойылатын талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан жоғары білім беру жүйесіне: материалдық-техникалық қамтамасыз ету, кадр құрамының деңгейіне, сондай-ақ білім бағдарламаларының сапасына ерекше назар аудару өте маңызды», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.
«Өсіп келе жатқан буынның әлеуетін күшейту озық халықаралық білім стандарттарына сәйкес су ресурстарын тұрақты басқаруға көмектесудің маңызды құрауышы болып табылады», - деді Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы, Елші Дьердь Сабо. «Қазақстан сияқты, ЕҚЫҰ да су ресурстарын басқаруды негізгі басымдық деп айқындау фактісін ескере отырып, біз су ресурстары саласындағы оқу бағдарламаларын жетілдіруді қолдауды жалғастыруға және экологиялық тұрақтылықтың келелі мәселелерін шешуге ниеттіміз».
Іс-шара Офистің ұлттық деңгейде су ресурстарын бірігіп басқару қағидаттарын енгізу және осы саладағы мемлекеттік мекемелердің әлеуетін күшейту бойынша ұзақ мерзімді күш салуының бөлігі болып табылады.