ЕҚЫҰ Қазақстанда азаматтық қоғаммен жүргізілетін экологиялық мониторингті қолдайды
ТЕМІРТАУ, Қазақстан, 2012 жылғы 9 қазан. – Ауаның ластануы мониторингісі мәселелері жөніндегі ЕҚЫҰ қолдауымен ұйымдастырылған семинар бүгін Орталық Қазақстан, Теміртау қаласында өз жұмысын бастады.
Үш күндік семинар қоршаған ортаның тәуелсіз мониторингін жүргізуде қоғамның әлеуетін арттыруға бағытталған шараларының бір бөлігі болып табылады. Шараны үкіметтік емес ұйымдардың Экологиялық Форумының мүшесі болып табылатын «Әлеуметтік экологиялық қор» үкіметтік ұйымы Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығымен, Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен және «Қауіпсіз энергетика орталығы» және «Әлемдік қауымдастық мониторингі» америкалық үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесіп ұйымдастырды. Үкіметтік емес ұйымдардың, өнеркәсіп пен үкіметтің 30 жуық өкілдері халықаралық талаптарға сәйкес ауаны ластау экологиялық мониторингісін талқылауға және үйренуге қатысады.
«Бұл бастаманың мақсаты экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету; аймақтарда экологиялық мәселелерді өз бетімен шешетін, қажетті құралдарды әзірлеуге көмектесетін және өз қауымдастықтарының мүддесінде қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдар желісін құратын адамдарды үйретудің қоғамдық әдісіне жағдай жасау болып табылады», деп атап өтті өз сөзінде Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының экономика және экология бөлімінің меңгерушісі Александр Пейчев.
Қарағанды облысы бойынша Экология департаментінің бастығы Зульфахар Жолдасов былай деді: «Жоба Қарағанды облысы үшін және әсіресе қазақстандық ірі кәсіпорындар орналасқан Теміртау қаласы үшін өте зор маңызға ие. Ауаның ластануының қоғамдық мониторингі экологиялық проблемаларды шешуге азаматтық қоғамның теңдессіз үлесі болып табылады».
«Бүгінгі шара экологиялық айқындылықтың артуына және қоғамның шынайы ақпаратқа, әсіресе өнеркәсіптік қалалардағы ауаның ластануы мәселелеріне қолжетімділігіне ықпал етеді, - деді «Әлеуметтік экологиялық қор» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Қайша Атаханова. – Экологиялық жағдайды жақсарту үшін біз жергілікті әкімшілік, өнеркәсіп, азаматтық қоғам мен БАҚ арасындағы қызметтестікті күшейтуіміз қажет».
Ауаның ластануы мониторингісі мәселелері жөнінде Теміртау қаласында өткен семинар теңіздің және сулы-сазды жерлердің ластануы мониторингісіне арналған Каспий теңізі аймағындағы басқа сынақ жобасымен жалғасады. Бұл жоба қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму және шешімдер қабылдау мәселелеріне қоғамның кең топтарының қатысуын қолдауға бағытталған ЕҚЫҰ алдыңғы шараларын толықтырады.