Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының жобасы адам саудасы құрбандарының сәйкестендірілуін жақсартуға үлес қосуда
АСТАНА, Қазақстан, 29 тамыз 2012 ж.- Адам саудасының құрбандарын сәйкестендіру жобасының нәтижелері мен қазіргі тәжірибесін жақсарту жолдарын талқылау – бүгін Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының қолдауымен өткізілген дөңгелек үстелдің тақырыбы болды.
Дөңгелек үстелде Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы «Халықаралық құқықтық бастама» үкіметтік емес ұйымымен ынтымақтастықта жүзеге асырылған үш жылдық жобаның іске асырылу қорытындылары мен қол жеткізілген жетістіктер туралы айтылды. Жоба шеңберінде адам саудасының болжамалы құрбандарын анықтау мақсатында елдің алты аймағында кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен үй-күйсіз қалған тұлғаларға арналған оңалту орталықтары мен қамауға алу орындарына мониторинг жүргізілді. Осы мәселе жөнінде көбірек мәлімет беру және адам саудасы құрбандарын анықтау саласындағы дағдыларды жақсарту мақсатында 2012 жылы осы аталған мекемелердің қызметкерлеріне жеті аймақтық оқу тренингтері ұйымдастырылған болатын. Дөңгелек үстелде сондай-ақ ЕҚЫҰ қолдауымен жарық көрген жарияланым таныстырылды. Аталмыш жарияланым беттерінде Қазақстандағы адам саудасы құрбандарын сәйкестендірудің ағымдағы жағдайына жасалған талдау мен осы бағыттағы заңнамалық және институттық негіздерді жақсарту бойынша ұсынымдар қамтылған.
Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы жетекшісінің орынбасары Жаннет Клётцер өз сөзінде: «ЕҚЫҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне және азаматтық қоғамға адам саудасымен күресу шараларын қолға алуға, әсіресе, адам саудасының құрбандарын сәйкестендіру саласындағы заңнаманың күшін нығайтуға ықпалдасып келеді. Біз жобаны іске асыру барысында алынған тәжірибе адам құрбандарын анықтау және қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруде сүйенетін арқау болады деген ойдамыз» - деді.
«Халықаралық құқықтық бастама» ҮЕҰ Президенті Айна Шорманбаева: «2010-2012жж. жоба адам саудасының 104 құрбанын сәйкестендіруге көмектесті. Оның 14 жас бала болса, 28-і жыныстық зорлыққа, 74-і күштелген еңбекке және екеуі аралас пайдалануға мәжбүрленген. Осы орайда, адам саудасының құрбандарын анықтайтын тиімді жүйе адам саудасының құрбандарын қорғау жолындағы, сондай-ақ олардың сот әділдігі, медициналық көмек және әлеуметтік оңалту жәрдемін алудағы аса маңызды тетік деуге болады».
Дөңгелек үстелдің жұмысына ҚР Жоғарғы сотының, ҚР Бас прокуратурасының, министрліктердің, кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен үй-күйсіз қалған тұлғаларға арналған мемлекеттік оңалту орталықтарының, сондай-ақ үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың 30 жуық өкілі қатысты. Адам саудасының құрбандарына қолданылатын тәсімді нығайту ЕҚЫҰ адам саудасымен күресу саласындағы ұзақ мерзімді ұстанымының бір бөлшегі болып табылады.