Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы полиция қызметкерлеріне адам құқықтары жөнінде білім беру ісіне қолдау көрсетіп келеді.
АСТАНА, 31 шілде 2012 ж. – Астана қаласында ІІМ білім беру мекемелеріндегі оқытушылардың адам құқықтарына қатысты білімі мен дағдыларын жақсартуға бағытталған екі оқыту семинары жүргізілді.
Осы семинарлар Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының ІІМ білім беру мекемелеріндегі оқыту бағдарламаларының ажырамас бөлігі ретінде адам құқықтары саласындағы білім беру модулін құру жобасының нәтижелері мен ұсынымдарына негізделді.
Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен және адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюромен бірігіп ұйымдастырған семинар мен шеберлік сабағына Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген жиырмаға жуық оқытушы қатысты.
«ЕҚЫҰ Орталығы полиция қызметкерлерінің адам құқықтары жөнінде білім алуларына, полиция мен қоғам арасында әрдайым өзара әрекеттестік болуына қолдау көрсетуде», – деді Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клётцер. «Мемлекеттің, соның ішінде құқық қорғау органдарының азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғауы қауіпсіздік пен демократияны нығайтып, заң үстемдігін күшейтуде маңызы жоғары элемент болып табылады».
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро директорының орынбасары Виктория Тюленева: «Болашақтағы полиция қызметкерлерін азаматтардың құқықтары мен бостандығын құрметтеп, қорғауға үйрету – мемлекетіміз бұдан әрі демократиялық дамуы үшін қажетті қадам» екендігін атап өтті.
Бюро оқытушылары семинарға қатысушыларды екі күн бойы адам құқықтарын қорғау саласындағы үздік әдістермен таныстырып, халықаралық тәжірибемен бөлісті, интерактивті құралдардың көмегімен арнайы сабақтар өткізді.
Мұнымен қоса, семинар қатысушыларына полиция қызметкерлеріне адам құқықтарын қорғау жөнінде құқықтық және тәжірибелік тұрғыдан білім беруге бағытталған қазақ және орыс тілдеріндегі оқулықтар таратылды. Семинарларға қатысқан нұсқаушылар полиция қызметкерлеріне адам құқықтарын қорғау мәселесі жөнінде бұдан әрі де білім беріп, оқытатын болады.
Аталмыш жоба Қазақстан аумағында демократиялық полицияны ілгері дамытуға байланысты Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының жүргізіп отырған қызметінің бір бөлшегі болып табылады.