БАҚ саласындағы заңнаманы реформалау ЕҚЫҰ қолдауымен өткен конференция тақырыбына арқау болды
АСТАНА, 12 шілде 2012 ж. – Бүгін Астана қаласында сөз бостандығына байланысты заңнаманы реформалау қажеттілігін талқылау үшін ЕҚЫҰ қолдауымен конференция өтті.
Ұйымдастырылған шараға мемлекеттік органдардың өкілдерін, парламентарийлерді, БАҚ саласындағы халықаралық және ұлттық сарапшыларды, сондай-ақ үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдерін қосқанда 60 жуық қатысушы қатысты.
Қатысушылар БАҚ саласындағы заңнаманы реформалау мәселелерін, соның ішінде жала мен диффамацияны декриминализациялау, моральдық зиян үшін төленетін өтемақыны реттеу қажеттілігін, ақпаратқа қол жеткізу туралы заң жобасын, сондай-ақ теле-радио таратылым туралы заңның орындалу мәселелерін талқылады.
«Бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік реттелуі ұлттық саясатты халықаралық міндеттемелерге сай келтірудегі ел талпынысын көрсетуін жалғастырады деп сенемін. ЕҚЫҰ алдағы уақытта да Қазақстанның мұндай талпынысына қолдау көрсетуге әзір», - деді ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының басшысы, Елші Наталья Зарудная.
Болат Кальянбеков, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы: «Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізген бойда азаматтардың құқықтары мен бостандығын, соның ішінде, БАҚ саласындағы құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету жолында біраз жұмыс жүргізіп келеді. Осы жылдар ішінде көптеген үкіметтік емес БАҚ мен холдингтер құрылды», - деп атап өтті.
«Медиа-заңнамадағы соңғы өзгерістер жеке өмірді қорғауды күшейту мен сөз бостандығын қорғау арасында тепе-теңсіздік құрды, - деді «Әділ Сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының Президенті Тамара Калеева. - Моральдық зиянды өндіріп алудың шамадан тыс көп сомасы БАҚ банкрот болуына алып келуі мүмкін. Осы мәселелерді заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы шешетін уақыт келді».
Конференцияны ЕҚЫҰ Астанадағы орталығымен бірлесіп, «Артикль 19» дүниежүзілік сөз бостандығы кампаниясы мен «Әділ Сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры Норвегияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.