ЕҚЫҰ Орталығы қоғамның табиғатты қорғау қызметіне қатысуына ықпал етеді
Атырау, Қазақстан, 4 сәуір 2012 ж. – Батыс Қазақстанда іске асырылатын су және экологиялық бағдарламаларға қоғамның қатысуына ерекше назар аударған Орхус конвенциясына қолдау көрсету бүгін Атырау қаласында өткен дөңгелек үстелдің тақырыбына арқау болды. Аталмыш шара ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының қолдауымен Атырау облыстық әкімшілігі мен Жайық-Каспий Орхус орталығымен ұйымдастырылды.
Каспий аймағындағы 40 жуық облыстық Мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғамның өкілдері қоғамның қоршаған ортаны басқаруға қатысуы мәселелерін, атап айтқанда «Ақ-бұлақ» Ұлттық су бағдарламасы аясында сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін қайта құру және кеңейту жолдарын талқылады.
Қатысушылар сонымен қатар, осы саладағы озық тәжірибелерге тоқталып, қоғамның белсене атсалысуына кедергі келтіретін жағдайларды талқылады, сондай-ақ Каспий теңізі аймағындағы Орхус конвенциясының іске асырылуы туралы өз пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар әзірлеген ұсыныстарды Орхус орталығы Атырау облысының Әкімдігіне және Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жолдайды.
«Орхус конвенциясы үкімет пен азаматтық қоғамға «жасыл» экономикаға жетелейтін және тұрақты даму мен экологиялық қауіпсіздікке ықпал етудің жан-жақты құралы болып табылады. Қоғамның қоршаған орта мәселелеріне қатысуы және ақпаратқа қолжетімділік беру қоршаған ортаны қорғау саласындағы айқын әрі ашық басқарудың ажырамас бөлігі болып табылады», - деді өз сөзінде ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер.
Атырау облысының табиғи ресурстарды басқару және қоршаған ортаны пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Ербол Қуанов бұл пікірді былай деп толықтырды: «Бүгінгі шара экологиялық маңызды шешімдерді қабылдауда қоғам қатысуын белсендірудің нақты құралдарын талқылауға арналған жақсы алаң болып табылады. Біз Орхус орталығының қоғам қатысуына, сондай-ақ Орхус конвенциясының негізі - экологиялық ақпарат пен әділ сотқа қолжетімділікке ықпал етудегі рөліне ерекше мән береміз».
Жайық-Каспий Орхус орталығы 2009 жылы Орхус Конвенциясына ықпал ету арқылы Каспий теңізінің аймағында экологиялық қауіпсіздікті арттыру және барлық мүдделі тараптар арасында диалогқа жағдай жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен, Атырау облысының Әкімдігімен, ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығымен және Үкіметтік емес ұйымдардың экологиялық форумымен құрылған.