ЕҚЫҰ Орталығы Қазақстанның пенитенциарлық жүйесін жетілдіру жөніндегі диалогын дамытуға көмектеседі
АСТАНА, 23 қараша 2011 ж. – Қазақстан Республикасының түрме жүйесін бұдан былай дамыту Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының қолдауымен өткен халықаралық конференцияның тақырыбы болды.
Конференция шеңберінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар пенитенциарлық жүйедегі қазіргі жағдайды талқылап, осы салада жалғасын тапқан реформалар аясында бірқатар нұсқаулар шығарды. Жекелеп алғанда, қатысушылар түрмеге жабудан басқа жолды дамыту, түрмені басқаруды жақсарту, қылмыстық саясатты гуманизациялау және тағы да басқа мәселелерді талқылады.
Аталған іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы ҚР Ішкі істер министрлігімен, Халықаралық Түрме Реформасы ХҚҰ Орталық Азиядағы Өкілдігімен, БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар Басқармасының Аймақтық Кеңселерімен, Сорос-Қазақстан Қорымен, Құқық саясатын зерттеу орталығымен тығыз қарым-қатынаста ұйымдастырды.
Билік органдары мен үкіметтік емес сектордың 70-тен астам өкілі қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамасын реформалау мәселелерін, соның ішінде пробацияны және азаматтық бақылау жүйесін дамыту мәселелерін талқылады. БҰҰ азаптауларға қарсы Конвенциясының Факультативтік Хаттамасының шеңберінде Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындау мәселелері мен ұлттық превентивті механизмін орнату жөніндегі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Армениядан, Ұлыбританиядан, Ресейден келген бірқатар халықаралық сарапшылар конференция шеңберінде сөз сөйлеп, өз елдеріндегі пенитенциарлық реформа саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.
«ЕҚЫҰ алдағы уақытта да адам құқықтары мәселелерін ілгерілету жөніндегі бастамаларға қолдау көрсетуге және қылмыстық-атқару жүйесін реформалауда қол ұшын беруге дайын», - деді Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы Басшысының м.а. Жаннет Клётцер.
Есқали Саламатов, ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басшысының орынбасары: «Қылмыстық-атқару жүйесін жалғасып келе жатқан реформалау ісі материалдық-техникалық базаны жақсартуға, сондай-ақ тұтқындар мен ҚАЖ қызметкерлерінің құқықтарын қорғау механизмдерін жетілдіруге бағытталған. Қылмыстық-атқару заңнамасына енгізілетін түзетулерді әзірлегенде халықаралық стандарттар мен Қазақстанның осы саладағы міндеттері ескеріледі», - деді.
Конференция қылмыстық саясатты жетілдіру, адам құқықтарын қорғау мен заң үстемдігі, ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру саласындағы Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының Қазақстанға қол ұшын беруді жалғастыруы болып табылады.