Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы «Телерадио хабар тарату туралы» заңының жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізді.
АСТАНА, 26 сәуір 2011 ж. – Заң шығарушы билік, үкімет, БАҚ, азаматтық қоғам және халықаралық ұйым өкілдері Қазақстан Республикасының «Телерадио хабар тарату туралы» заңының жобасын Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығымен, ЕҚЫҰ бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығы мәселелері жөніндегі Өкілі бюросымен және Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігімен ұйымдастырылған дөңгелек үстелде талқылады.
Шараға қатысушылар елдің жоспарланып отырған аналогтық хабарлаудан сандық түріне өтуі аясында телерадиохабар тарату саласын бұрынғыдан да тиімді реттеу қажеттілігінің туындап отырғандығын атап өтті. Оған қоса, талқыланып отырған заң жобасының кейбір ережелерінің ЕҚЫҰ-ның ой білдіру еркіндігі саласындағы міндеттемелері мен ақпаратқа қол жеткізудің халықаралық стандарттарына сәйкестігі әлі де толық көлемде еместігі жөнінде сөз қозғалды.
«Ой білдіру еркіндігі, соның ішінде ақпаратқа еркін қол жеткізу Қазақстан да ұстанып отырған халықаралық құжаттар мен ЕҚЫҰ міндеттемелерімен кепілдендірілген адамның негізгі құқықтарының қатарына жатады. Бұл құқықтарды қамтамасыз ету елдегі тиімді демократияның дамуына септігін тигізіп, азаматтардың шешімдер қабылдауға қатысуын қамтамасыз етеді», - деді сөйлеген сөзінде Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы басшысы, Елші Александр Кельчевский.
«Біз ел басшылығын ең алдымен азаматтардың еркіндігін қорғап, қоғам мүддесінде жұмыс істеуі тиіс осы заң бойынша жұмыс барысында үкіметтік емес ұйымдармен тығыз іскерлесуге шақырамыз. Оған қоса, Қазақстанның демократиялық үрдістерді телерадио хабар тарату мәселелерін заң жүзінде реттеу жолымен бекітуге талпыныстарын құптаймыз», - деді ол.
Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразовтың айтуынша: «Қазақстан Республикасы бірыңғай ақпараттық кеңістік құру барысында және осыған байланысты телерадио хабар тарату мәселелерін заң жүзінде реттеу бойынша жұмыс істеуде. Осы заңның мақсаты – тұрғындардың ақпарат көздеріне қол жеткізулерін диверсификациялау және телерадио хабар таратудың сандық технологияларын енгізу».
«Біздің ойымызша, заң адамның конституциялық құқықтары мен еркіндіктерінің қамтамасыз етілуін кепілдендіріп, ақпараттың еркін ағынына септігін тигізуі тиіс», - деп қосты.
Дөңгелек үстел жұмысына БАҚ саласындағы халықаралық сарапшы Андрей Рихтер де қатысып, «Телерадио хабар тарату туралы» заң жобасының талдауын ұсынды. Бұл таңдау Қазақстан тарапынан жасалған сұрау салу бойынша ЕҚЫҰ тапсырысымен дайындалған.
Талқылау нәтижелері бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар үкімет пен басқа да мүдделі тараптарға арналған, болашақ заң ой білдіру еркіндігі саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестігін көздеген бірқатар ұсыныстар әзірледі.
Дөңгелек үстел Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының ЕҚЫҰ аясында мойындалған ұстанымдар мен міндеттемелерді іске асыруда және Қазақстан билігі, ЕҚЫҰ институттары және азаматтық қоғам арасында ақпарат алмасуда қолдау көрсету бойынша қызметі аясында ұйымдастырылған.