Қазақстандағы пробация қызметінің келешегі ЕҚЫҰ қолдауымен өткен конференцияда талқылануда
Астана, 28 наурыз 2011 ж. – Бүгін Астанада өткен ЕҚЫҰ конференциясында Парламент, Үкімет мүшелері, азаматтық қоғам мен ғылыми орта өкілдері Қазақстанда пробация жүйесінің дамуы үшін қажетті құқықтық және институционалдық алғышарттар мәселесін талқылады.
Әділет министрлігі дайындаған Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметін енгізу туралы заң жобасы конференцияға арқау болды. Басқосуға қатысушылар заң жобасымен алғашқы рет танысып, оны одан әрі жетілдіру үшін өз пікір-ұсыныстарымен бөлісуе мүмкіндік алды.
"Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ мемлекеттері тәжірибесіне жақындатып қылмыстық заңнамасын ізгілендіруге бағытталған реформалар жолын ұстануда. Осыған орай, Қазақстанда пробация қызметін құру туралы бүгінгі талқылау қылмыстық-атқару және сотталғандарды оңалту жүйесін одан әрі жетілдіруге түрткі болуы мүмкін," деді Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер.
"Қылмыстық-атқару жүйесін дамыту үшін адам құқығының, ең жоғары әлеуметтік құндылық ретінде, басымдылығы мен ажырамастығын тану қажет. Енгізілетін пробация қызметі халықаралық талаптарға сәйкес келіп, жазалаудың балама түрін орындаудан басқа, сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсетуі тиіс," деп қосты ҚР Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев.
Сұлтан Құсетов, Әділет министрлігі жанындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы: "Көптеген елдерде пробация бас бостандығынан айыру жазасына балама ретінде қолданылып келеді. Халықаралық стандарттарға жауап беретін, және де сотталғандарға жетекшілік етіп әлеуметтік бейімделуіне жәрдем беретін толыққанды пробация жүйесін Қазақстанда қалыптастыру еліміздің қылмыстық-атқару жүйесі үшін өзекті мәселе болып тұр,” деді.
Бұл конференция Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, Құқықтық саясатты зерттеу орталығы және «Халықаралық қылмыстық құқық реформасы» ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырылған.