ЕҚЫҰ орталығы Қазақстандағы қылмыстық әділет жүйесін реформалау жөнінде дөңгелек үстел өткізуде
Алматы, 18 наурыз 2011 ж. – Бүгін Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы қолдауымен қылмыстық іс жүргізуде адам құқығын қамтамасыз ету жөнінде дөңгелек үстел өз жұмысын бастады. Кездесу адам құқығы стандарттарын жүзеге асыруға сәйкес қылмыстық іс жүргізуді реформалау тақырыбына арналды.
Бұл жиында Парламент, Конституциялық кеңес, Үкімет, сот органдары және халықаралық ұйымдардың 30-дан аса өкілдері бас қосты. Кездесуге жергілікті бейүкіметтік ұйымдардың және ғылыми орта өкілдері де қатысты.
“Іс жүргізу барысындағы адамның әділ сот төрелігіне құқығы секілді құқықтарын қамтамасыз ету – заң үстемдігінің ажырамас бөлігі,” деді өз сөзінде Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер ханым. “Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы Қазақстандағы құқықтық реформаларды қолдай отырып осы мақсаттағы өкімет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара пікір алысудың нығайғанын құптайды.”
“Қазіргі уақытта қылмыстық әділсот реформасы халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп қылмыстық іс-жүргізу барысында сот бақылауын күшейтуге бағытталған,” деді Мұсабек Әлімбеков, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы.
Басқосуға қатысушылар сондай-ақ қылмыстық атқару жүйесін ізгілендіру, сот жүйесін реформалау, сотталғандарды оңалту, және де қылмыстық іс жүргізуде жәбірленушінің құқықтарын кеңейту секілді мәселелерді қарастырды.
"Заңнаманы жетілдірген кезде оның іс жүзінде қалай қолданылатынын ойдан шығармауымыз қажет. Прокуратура болсын, не сот, не қылмыстық атқару жүйесі болсын, егер жауапты орган өз қызметін жөнді атқара алмаса, кез келген жақсы заң көздеген мақсатына жете алмайды,” деді «Адам құқығы үшін хартия» ұйымының жетекшісі Жеміс Тұрмағамбетова.
«Адам құқығы үшін хартия» және «Фридом Хаус - Қазақстан» бейүкіметтік ұйымдарымен бірлесе ұйымдастырған осы іс-шара Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының Қазақстандағы демократиялық құқықтық реформаларға ықпалдасуға бағытталған қызметінің бір көрінісі.