ЕҚЫҰ Қазақстанда жыл сайын өтетін Үшінші су форумын қолдауда
АЛМАТЫ, Қазақстан, 28 қараша 2016 ж. – Бүгін Қазақстанның Алматы қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен жыл сайынғы Үшінші су форумы өтті.
Форум су ресурстарын тиісті басқару саласындағы жоғарғы білім берудің қазіргі кездегі жағдайын талқылауға, сондай-ақ осы саладағы дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне негізделген академиялық бағдарламалардың нығаюына бағытталды. Мемлекеттік органдар, бизнес, азаматтық қоғам, ғылыми орта мен халықаралық ұйымдардың 60-қа жуық өкілі аталған талқылауларға қатысты.
Іс-шараны ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Сыртқы істер, білім және ғылым, сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрліктерімен, Қазақ-Неміс университетімен, ЮНЕСКО және Конрад Аденауэр қорымен тығыз ынтымақтастықта ұйымдастырды.
«Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі үшінші рет қатарынан Су форумын қолдауда. Аталған іс-шара саясатқа байланысты сарапшылық қолдау көрсетуді ілгерілетеді және ұлттық деңгейдегі білімдерге негізделген су ресурстарын тиісті басқару тұжырымдамаларын талқылау арқылы үкімет, өнеркәсіп, зерттеу және ғылыми қауымдастықтар үшін диалогтық платформа құруға мүмкіндік береді», - деді өзінің баяндамасында Елші Дьердь Сабо, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Басшысы.
Ақмарал Оразиман, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясының өкілі: «Бұл іс-шара қатысушылар арасындағы коммуникацияның маңызды құралы ретінде алдағы уақытта жергілікті және өңірлік деңгейде су ресурстарын басқару саласында диалог, тиімді өзара іс-қимыл, ынтымақтастық пен серіктестікті дамыту үшін маңызды платформа бола алады. Сонымен бірге осы саладағы жас мамандарды ынталандыру су мәселелері жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосымша импульс болатынына сенеміз».
Іс-шара «жасыл» экономика бойынша қазақстандық стратегияның басымдықтарына сәйкес келеді, сондай-ақ қабылдаушы елдегі су ресурстарын тұрақты басқаруды қолдау және осы саладағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті ілгерілету бойынша Офистің көпжылдық жұмысының бір бөлігі болып табылады.