ЕҚЫҰ Қазақстанда тұрмыстық зорлық құрбандарына әлеуметтік қызмет ұсыну мәселелері бойынша оқыту семинарының өткізілуін қолдауда
2016 жылдың 25 қарашасында Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен елордада өткен екі күнді оқыту семинары өз жұмысын аяқтады. Семинар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызмет ұсыну мәселелері бойынша әлеуметтік сала мен полиция қызметкерлеріне арналды.
Семинарға 50 жуық қатысушы, соның ішінде 11 аймақтан келген мемлекеттік қызметкерлер, Қазақстанның барлық аймақтарының әйелдерге көрсетілетін зорлықпен күресу бөлімшелерінің полиция қызметкерлері және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қызмет көрсету саласында істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қатысушылар тиісті қызмет көрсету стандарттарының жаңа жобаларымен таныстырылды. 2017 жылдың қаңтарында күшіне енетін стандарттарда зорлық-зомбылық құрбандарына жәрдем, оның ішінде уақытша баспана беретін мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар ұстануға міндетті болатын тәртіп пен процедураларға егжей-тегжей сипат берілген.
Сарапшылар мен қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызмет көрсетудің құқықтық негізін, құрбандарды құрбан деп тану және олардың айқындау шарттарын, сонымен қатар оларға көрсетілетін қызметтер мен күтімнің минималды стандарттарын қарастырды. Мұнымен қоса оқыту семинары барысында бірнеше тәжірибелік жаттығулар мен түрлі жағдайлар мысалға келтіріліп айтылды. Бұл әлеуметтік жұмыскерлер мен полиция қызметкерлері құрбандардың нақты мұқтаждығын және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын анықтау кезіндегі өзара әрекеттестік тереңірек ұғынып, түсіну үшін қажет шара болды.
Әлеуметтік қызметтерді ұсыну стандарттарын ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің ішінара қолдауымен ведомствоаралық жұмыс тобы биыл әзірлеген. Құжат қолданыстағы ұлттық заңнама мен ЕҚЫҰ міндеттемелеріне, оның ішінде ЕҚЫҰ гендерлік тепе-теңдікті қолдау жөнідегі іс-қимылдар жоспарына (2004ж.) және ЕҚЫҰ Министрлік кеңесінің «Әйелдерге қатысты зорлықтың алдын алу және онымен күресу» шешіміне (2005ж.) сәйкес дайындалды.
Оқыту семинары Бағдарламалар офисінің қабылдаушы елдің органдары мен азаматтық қоғамға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және зорлық-зомбылық құрбандарына білікті әлеуметтік қызмет ұсынуға жәрдемдесу жолындағы көп жылдық жұмысының аясында өтті.