ЕҚЫҰ мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың сайлау құқықтарын арттыру мәселелері бойынша сайлаудағы бақылаушыларға арналған семинарды қолдауда
АСТАНА, 22 қараша 2016 ж. – Бүгін Астана қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен сайлаудағы бақылаушылар мен Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мүшелеріне арналған мүгедектер мен қарт адамдардың сайлау құқықтарының мәселелері бойынша оқу семинары өтті.
Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мен ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) ынтымақтасуымен ұйымдастырылған семинарға қатысқан сайлау саласы сарапшылары 40-қа жуық бақылаушы мен ОСК мүшелерімен өздерінің әр түрлі елдерде жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар қатысушыларының алдында сөз сөйлеген ДИАҚБ сайлау жөніндегі кеңесшісі Радивое Груич: «ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттері тарапынан мүгедектер, сезімдік қабылдауы бұзылған және психикалық аурулармен ауратын адамдар үшін дауыс беру процессін жеңілдету мәселесі ДИАҚБ сайлауды бақылау жұмысының басты назарында», - деді. «Билік органдарына арналған осындай тұлғалардың сайлауға қатысу мүмкіндігіне қатысты, сонымен қатар олардың саяси және азаматтық құқықтарын қорғауға көрсетуге байланысты міндеттемелерді жүзеге асыруға бағытталған мұндай семинардың өткізілуін біз құптаймыз».
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес әлемдегі 15% жуық адамдардың әрекетке қабілеттіліктері шектелген. Олардың сайлауға қатысуын жеңілдетуіміз үшін біз қолдан келгенімізше әрекет жасап, оларға теңдік, жалпылық, саяси плюрализм және сайлаудың ашық өтуі қағидаларының сақталатынына кепілдік беруіміз керек», – деді ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Дьёрдь Сабо. «Бұл ретте бақылаушылардың атқаратын қызметі елеулі. Себебі олар сайлау барысында халықаралық стандарттар мен қағидаттарды ұстануға көмектеседі».
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов сайлау құқықтарының мүгедектер мен қарт адамдардың «конституциялық құқықтарының маңызды құрамдас бөлігі екендігін және бақылаушылардың мақсаты осындай құқықтардың орындалуына демеу жасау екендігін» атап өтті.
Аталған іс-шара Офистің сайлау процедураларының ашық және жауапты болуын арттыру, ЕҚЫҰ ұстанымдары мен қағидаларына сәйкес демократиялық институттарды күшейту жолындағы ұзақ мерзімді жұмысының аясында өткізілді.