ЕҚЫҰ Қазақстанда жеңіл және атыс қаруларын қауіпсіз басқаруға ықпалдастық етуде
АСТАНА, 9 қараша 2016 ж. – Бүгін Астана қаласында ЕҚЫҰ қолдауымен жеңіл және атыс қаруының заңсыз айналымына қарсы әрекет ету бойынша екі күндік семинар басталды.
Іс-шараны ЕҚЫҰ-ның Қақтығыстарды алдын алу орталығы мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі бірлесіп, айналым үстінен тиімді бақылауды пайдалану, сонымен бірге аталған қаруды сақтау орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы жеңіл және атыс қаруларын террористік және ұйымдасқан қылмыстық топтарына заңсыз қайта сатуды алдын алу жөнінде әлеуетін арттыру мақсатымен ұйымдастырды.
«Жеңіл және атыс қаруларының заңсыз айналымы кез-келген қарулы қақтығыстарды шешудің немесе қаруланған зорлық-зомбылық, терроризм мен трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы әрекет етудің негізгі мәселелерінің бірі болып табылады», - деді ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо. «Ұлттық, аймақтық және жахандық күш-жігердің үйлестігі озық тәжірибе мен әсіресе, елдердің заңнамасына қатысты кемшіліктерден арылуда келісілген іс-әрекеттерді біріктіру мақсатында маңызды болып табылады. Сонымен қатар, азаматтық халыққа кері әсерін тигізетін асыра сілтеулерге жол бермеуді ескеру қажет».
Семинарда Қазақстанның құқық қорғау органдарының өкілдері, сонымен қатар Испания, Ресей Федерациясы, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Одақ, Европол және Еуразиялық экономикалық комиссияның халықаралық сарапшылары халықаралық және озық ұлттық тәжірибемен алмасу, сонымен бірге болашақ ынтымақтастықтың салаларын анықтау мақсатымен жиналады.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Байболов: «Әрине, бұл іс-шара атыс қаруының заңсыз айналымына қарсы әрекет ету саласында семинар қатысушыларының кәсіби дәрежесін арттырады. Алған білім мен жинақталған тәжірибе бізге одан әрі азаматтық және қызметтік қару айналымы саласында заңнамалық шараларды дамытып, жетілдіруге мүмкіндік береді», - деді.
ЕҚЫҰ-ның 2000 жылы қабылданып, 2012 жылы қайта басып шығарылған Жеңіл және атыс қару жөніндегі құжаты аталған қару түрлерін, тапаншадан бастап, автоматтарға және жылжымалы зениттік-зымырандық кешендерге дейін тиімді басқару мақсатында нормалар, шаралар мен қағидаттарды белгілейді. ЕҚЫҰ-ның барлық қатысушы мемлекеттерімен келісілген құжат экспорттық бақылау жүйесінің элементтері, қорларды қауіпсіз және сенімді басқару мен олардың қауіпсіздігіне қатысты міндеттемелерді белгілеп, мемлекеттерді аталған бақылау элементтерін іске асыруды қамтамасыз ету бойынша бір-бірімен ынтымақтасуға міндеттейді.