ЕҚЫҰ Қазақстанда адвокаттардың екінші ұлттық форумын қолдауда
АЛМАТЫ, Қазақстан, 4 қараша 2016 ж. - Адвокаттардың екінші республикалық форумы ЕҚЫҰ қолдауымен бүгін Алматыда өтті.
Президент Әкімшілігінің, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, сондай-ақ Бас прокуратураның өкілдері, Парламент депутаттары, облыстық адвокаттар алқаларының мүшелері, ғалымдар, сондай-ақ жергілікті және халықаралық-құқықтық сарапшылар -шамамен 100 жуық қатысушы құқық үстемдігі тұжырымдамаларын және адвокатура дамуының қазiргi тенденцияларын талқылады.
Қылмыстық сот төрелігі реформасының адвокаттарға қатысты негізгі қорытындыларына және азаматтардың құқықтарын қорғау және білікті заңды көмек көрсетуге байланысты адвокаттардың рөліне ерекше көңіл аударылды. Қатысушылар ұлттық заңнама және тәжірибе шеңберінде адвокаттар қызметінің кепілдіктеріне, тараптардың теңдігі қағидасына, қылмыстық процесте әділ сот тетіктерін нығайтуға және адвокаттардың дербестігін қамтамасыз етуге байланысты, сонымен қатар алқабилердiң қатысуымен өтетін істер бойынша сот тәжірибесіне байланысты мәселелерді талқылады.
«Бұл форум адвокаттарға қылмыстық процестің жаңадан енгізілген институттары іс жүзінде қалай қолданылып келе жатқаны туралы пікір білдіруге мүмкіндік береді. Бүгін адвокаттар қауымдастығының тарапынан айтылған ұсынымдар қылмыстық сот төрелігін одан әрі жаңғыртуға өз үлесін қосады деп үміттенеміз», - деп Қазақстанның Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгел айтты.
Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо: «Құқық үстемдігі тақырыбындағы барлық мүдделі тараптардың, оның ішінде адвокаттар, прокурорлар, судьялар, Парламент депутаттарының қатысуымен өтетін осындай пікір бөлісулер сындарлы диалогқа өз үлесін қосып, сот төрелігін қамтамасыз етуге көмектесетін барлық жақтар үшін шекараларды кеңейтеді», - деді.
Армения, Біріккен Корольдік, Нидерланды, Ресей Федерациясы, Швейцария және Түркияның сарапшылары тегін құқықтық көмек кепілдіктері, адвокат-клиент құпиясы және қылмыстық процесте жаңа технологиялардың рөліне байланысты өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шараны ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі, Республикалық адвокаттар алқасы, Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформасы комитеті және Құқықтық саясатты зерттеу орталығы үкіметтік емес ұйымы бірлесіп, Қылмыстық сот төрелігін жетілдіру жөніндегі Еуропалық Одақ жобасы қолдауымен ұйымдастырды. Бұл құқық үстемдігін нығайту және қабылдаушы елдегі қылмыстық сот төрелігі реформаны қолдаудағы Бағдарламалар офисінің ұзақ мерзімді жұмысының құрамдас бөлігі болып табылады.