ЕҚЫҰ Қазақстандағы интернет саудасын әкімшілендіру бойынша семинарды қолдауда
АСТАНА, 25 қазан 2016 ж.- Бүгін Астанада ЕҚЫҰ қолдауымен интернет желісі арқылы жасалатын саудаға салық салуды әкімшілендіру мәселелері бойынша Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің, Қазпоштаның және Ұлттық Банктің 30-ға жуық қызметкеріне арналған оқу семинары басталды.
Екікүндік іс-шараны Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетімен серіктестікте ұйымдастырды.
Шара барысында қатысушылар электронды коммерция саласындағы қолданыстағы заңнаманы қарастырып, онлайн режимде сатылған тауарларға салық салу мүмкіндіктері мен кедендік рәсімдеу процедураларын жақсарту амалдарын талқылады. Еуропалық Одақтан, Грузиядан және Ресей Федерациясынан арнайы келген сарапшылар электронды коммерцияға салық салудың халықаралық тәжірибесімен бөлісіп, заңсыз импортқа қарсы әрекеттердің тәуекелдерін бағалау әдістерінің қолданылу амалдары жайлы баяндады.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов: «Электронды коммерция Қазақстанда сатып алушылардың да, кәсіпкерлердің де алдында жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Осы орайда, кедендік жүйе мен салық жүйесі интернет арқылы жасалатын сауданың артуына байланысты және электронды бизнеске салық салынуға байланысты жаңа мәселелерді озық тәжірибеге сай еңсеріп, орынды әрекет қолдану керек», - деп түйіндеді.
«Қазақстанның өсіп келе жатқан халқы арасында танымалдығы күннен-күнге артып келе жатқан электронды сауда даму қарқыны жоғары бизнес түрі», - деді ЕҚЫҰ Астанадағы Бағдарламалар офисінің экономика және экология бөлімінің меңгерушісі Рати Джапаридзе. «Бүгін де ЕҚЫҰ Қаржы министрлігіндегі серіктестермен бірлесіп, электронды сатылым арқылы жүргізілетін сауда-саттықты реттеуге әрі салық салудың арқасында мемлекет табысын арттыруға бағытталған салық салудың оңтайлы механизмдерін жетілдіру жолында жұмыстар атқаруда».
Аталған семинар тиімді басқаруды ілгерілету және аймақтағы сауданы дамытуда қабылдаушы елге қолдау көрсету бойынша Офистің көпжылдық жұмысының бір бөлігі болып табылады.