ЕҚЫҰ Орталық Азияда жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру жөніндегі аймақтық оқыту курсын қолдайды
АЛМАТЫ, Қазақстан, 18 қазан 2016 ж. – Бүгін Алматы қаласында жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру бойынша 30 әскери және азаматтық сарапшыларға арналған ЕҚЫҰ-ның «Залалсыздандыру үрдісін басқару бойынша менеджерлерге» бағытталған ілгері деңгейдегі «Үш плюс» тоғыз күндік аймақтық оқыту курсы басталды.
Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген қатысушылар өздерінің басқару дағдыларын оқ-дәрі мен жарылғыш қаупі бар заттарды қауіпсіз, тиімді, сонымен бірге рационалды түрде залалсыздандыру бойынша халықаралық нұсқаулықтар мен озық тәжірибенің нақты талаптарына сәйкес жақсартады. Словения мен Біріккен Корольдіктің сарапшылары осы саладағы тәжірибелері мен озық практикаларымен бөліседі.
Курстың теориялық бөлігі Алматы қаласындағы «Бейбітшілік үшін әріптестік» оқу орталығында (КАЗЦЕНТ) ұйымдастырылып, практикалық бөлігі «Қазтехнологиялар» АҚ-ның Арыстағы залалсыздандыру пунктінде өтеді.
«Жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру бойынша осы аймақтық курс секілді іс-шаралар Қазақстаннның Қорғаныс министрлігі үшін аса маңызға ие, себебі олар біздің басымдықтарымызға толығымен сәйкес келеді», - деді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жанындағы қарулануды азайту және инспекциялық қызметті қамтамасыз етуді бақылау жөніндегі орталықтың Бастығы Амангелді Әубәкіров. «Аталған курс аясында біз жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру саласындағы мәселелерді талқылап, даму мен ынтымақтастыққа бірігіп ықпалдастық етеміз».
Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Бағдарламалар офисінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Колин Маккалоу: «Жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру саласы үзіліссіз бақылау мен барлық ақпараттық көздердің жаңартылуын талап етеді. Оған қоса, барлық елдер сәйкес рәсімдер мен практикаларда қауіпсіздікті ілгерілетудегі басқа елдердің тәжірибесінен пайда игере алады», - деп атап өтті.
«Мұндай курстар оқ-дәрі жөнінде БҰҰ-ның халықаралық техникалық нұсқаулығы мен ЕҚЫҰ-ның халықаралық озық тәжірибесіне сәйкес Орталық Азияда оқытудағы ортақ тәсілдемелерге ықпалдастық етеді», - деді Тәжікстандағы ЕҚЫҰ Бюросының бағдарлама офицері Лука Бухин.
Іс-шара Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Бағдарламалар офисімен және Тәжікстандағы ЕҚЫҰ бюросымен бірлесіп, АҚШ Мемлекеттік департаментінің қару-жарақты жою және қысқарту жөніндегі офисінің қаржылық қолдауымен ұйымдастырылды.
Семинар жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыруға байланысты проблемалар мен сын-қатерлерді шешу мақсатында Орталық Азия мемлекеттері арасында бірлескен механизмді дамытуда ЕҚЫҰ-ның ұзақ мерзімді қолдауының бөлігі болып табылады.